Тауға шығып, ту тікті
Қарағандыдағы альпинистер клубының ұйымдастыруымен 50-ге жуық адам қала іргесіндегі Сораң тауына шығып, көк туымызды желбіретті.
Алыстан аласа болып көрінгенмен, 70 метр биіктікті бағындыру әрі 500 метр қашықтықты жүгіріп өту оңайға соқпады. Қатысушылардың арасында 12 жастан асқан балалармен қатар 70-ті алқымдаған аға буын өкілдері де болды. Биылғы жарысқа қала тұрғындары ғана емес, шалғайдағы аудан, ауылдардан да азаматтар арнайы келген. Барлығы таза ауада тынығып, бой сергітті. Таудың ұшар басындағы Бауыржан Момышұлына арналып қойылған ескерткіш-тақтаға гүл шоқтарын қойып, батыр рухына тағзым етті. Спорттық шара осымен дәстүрлі түрде төртінші рет өткізіліп отыр.
Жыл сайын қатысушылар саны артып келеді. Арасында танымал тұлғалар да бар. Мәселен, Влад Чехлов Гималай тауына шықса, Төлеген Әшімов Еуропадағы ең биік шың – Эльбрусты бағындырған. Бұл – жастарға салауатты өмір салтын насихаттаудың, бұқаралық спортты дамытудың ең жарқын үлгісі, – дейді туристік клубтың директоры Сергей Кистанов.
Бұл күні жігіттер жағы қой көтеріп, арқан тартып жарысты. Ақтоғай ауданының Шабан би ауылынан келген Самғат есімді азамат жеңімпаз болды. Барлық қатысушылар естелік сыйлықтармен марапатталды.