Жаңа жылдық дастарқан қанша тұрады?
Жаңа жылдық дастарқанды мандариндер мен дәстүрлі оливьесіз елестету қиын. Тіпті экономистер бұл салаттың орташа құны бойынша азық-түлік бағасының жыл сайынғы өсімін бағалайды.
Аталған әдіс «оливье индексі» деп атала-ды. Экономистер қазақстандықтар туған-туыстары мен жақындарына жаңа жылдық сыйлықтарға қарағанда азық-түлікке көбірек ақша жұмсауға дайын екендігін айтады. Ал азық-түлік тауарлары бағасының өсуі шығын сомасын айтарлықтай көбейтеді. Себебі көп жағдайда баға жыл басымен салыстырғанда екі есе өседі. Ендеше оливье салатына қажетті өнімдердің бағасынан бастайық.
Ысталған шұжықтың бір келісін 1500 теңгеге сатып алуға болады. Жергілікті құс фабрикасының фирмалық павильонындағы он жұмыртқаның бағасы 430 теңгеден басталады. Картоп пен пияздың келісі 150 теңгеден, жасыл бұршақтың бір құтысы 200 теңге бола, бір шелек «Провансаль» майонезі кем дегенде 800 теңге. Егер төрт адамнан тұратын орташа статистикалық отбасына – ересек екі адам мен екі балаға – салат дайындауды негізге алатын болсақ, мерекелік басты салат үшін үй иесі 1350 теңгеге шығындалады. Алайда ұзақ уақыт карантиндік шектеулерден кейін мерекені отбасы аясында ғана атап өту қиынға соғады.
Бірақ супермаркеттер мен дүкендерде салаттың бағасы біршама қымбаттайды. Мысалы, дүкенде бір құты жасыл бұршақ 429 теңге тұрады, яғни нарықтағы бағадан екі есе қымбат. Көкөністер мен жұмыртқаның бағасы шамалас болғанымен, шұжық бағасы 2000-2500 теңгеге дейін өседі. Майонездің бағасы да нарықтық бағадан 50-80 теңгеге жоғары.
Ал әлеуметтік ауылшаруашылық жәрмеңкелерінде он жұмыртқа үшін 100-110 теңге үнемдеуге болады.
Ыстық тағамдарға келер болсақ, ең бюджеттік тағам – тауық еті. Бір келісі 1380 теңге. Сиыр еті үш мың теңгеден басталса, орташа салмағы 3-3,5 келі болатын Көкшетау қазының бір келісі нарықта 2800 теңге. Ал қымбатқа түсетін тағам – балық және жылқы еті. Бір келісі кемінде 4500 теңге.
Жеміс-жидектердің ашық сауда орындарындағы бағасы әлдеқайда төмен.
Арқаның аязы жемістерді айналып өткен болса, мандариннің келісін 350 теңгеге, ал бір дана ананасты 500 теңгеге сатып алуға болады.
Супермаркеттерде цитрустық жемістердің келісіне 680 теңгеден 1200 теңгеге дейін, алмаға кем дегенде 500 теңге, анар үшін 700 теңгеге шығындалуға тура келеді.
«Өзіміз отырып шай ішу үшін» майлылығы орташа сүттің бір литрі 380 теңге, 250 грамм Кения шайының орташа бағасы 1000 теңге.
Қалай болғанда да, жаңа жылдық дастарқанға артық шығындалмай, келер жылғы күнкөріс қамын ойлаған жөн. Барыс жылы берекелі, табыс жылы болғай!