Кәсіпкерлер «ASHYQ» жүйесін талқылады

Қарағанды облысы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиында қазіргі күнгі өзекті тақырыптар қозғалды: кассалық алшақтық және «Ashyq» жүйесіне байланысты мемлекеттік кіріс органдарының сұраулары. Қарағанды облысының кәсіпкерлер палатасына жеке кәсіпкерлік субъектілерінен кассалық чектер деректерінің және «Ashyq» жүйесі бойынша сканерлеу санының сәйкессіздігі туралы өтініштер түсе бастаған.

Әрине, бұл мәселелер бойынша түсініктемелер қажет болды. «Ashyq» жүйесі коронавирус таралуының алдын алу, халық қауіпсіздігін сақтау және басқа да мақсаттарға бағыттала отырып құрылды және көзделді. Бұл пандемия кезінде жеке кәсіпкерлік субъектілеріне және енгізілген қатаң карантиндік шараларға жұмыс істеуге мүмкіндік береді, бірақ фискалдық саясатты жүзеге асыру үшін арнайы жүйе құрылды.

– Мекемеге кірушілер саны мен жалпы табысты сәйкестендірудің қажеті жоқ, өйткені кіру тиянақталған кезде бизнес субъектісінің нақты табысын көрсетпейтін көптеген шығындар бар, – деп атап өтті Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің бастығы Азамат Дәненбаев. – Мысалы, 122 кіру 122 кассалық чекке тең емес. Бұл әрбір тұрғынға түсінікті, бірақ мемлекеттік кіріс органдарының қызметкерлері мұны түсінгісі келмейді.

«Ashyq» жүйесіне қатысу жөніндегі талаптар республиканың Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында жазылғанын және «келуші» ұғымы объектіге келгендердің барлығына қатысты екенін ескеру қажет. Соның ішінде бұл кәсіпкерлердің өздеріне және олардың қызметкерлеріне, объектіге қызмет көрсететін адамдарға, курьерлерге, мемлекеттік органдардың, мониторингтік топтардың (саны 3 адам) қызметкерлеріне, тауарды әрдайым сатып алмайтын немесе қызметті ала алмайтын басқа адамдарға қатысты. Сондай-ақ бұл екі ұғым бір арнаға тоғыспайды, себебі адамдар тобымен барған кезде, чекті әрбір келуші емес, бір адам төлейді, – деп жалғастырды Азамат Дәненбаев.

– ҚР Салық кодексіне сәйкес, мемлекеттік кіріс органдары салықтық бақылау барысында салық төлеушіден (салық агентінен) бухгалтерлік және салықтық есепке алуды автоматтандыруға арналған бағдарламалық қамтамасыз етудің және (немесе) бастапқы есепке алу құжаттарының, бухгалтерлік есеп тіркелімдерінің деректерін, салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы ақпаратты қамтитын ақпараттық жүйенің деректерін көруге қол жеткізу құқығын талап етуге құқылы, салық төлеуші (салық агенті) осындай бағдарламалық қамтылымды және (немесе) ақпараттық жүйені пайдаланған жағдайда. Ерекшелік – ҚР заңдарына сәйкес банктік құпияны құрайтын мәліметтерді қамтитын екінші деңгейдегі банктердің және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүргізетін ұйымдардың бағдарламалық қамтылымының және (немесе) ақпараттық жүйесінің деректерін көруге қол жеткізу құқығы, – деп түсіндірді Азамат Қайырбекұлы.

– Алайда келушілердің саны салық заңнамасында көзделген салық салу объектісі болып табылмайды және оларға ешқандай да қатысы жоқ. Сондықтан, ҚР Салық кодексінің 13-бабына сәйкес, салық төлеуші осы мәселе бойынша ешқандай мәліметтер беруге құқылы емес. Сонымен қатар мемлекеттік кірістер басқармаларынан осындай сұраулар мен қоңыраулар кезінде салық төлеуші мен кәсіпкердің адалдық қағидаты бұзылады.

Кеңес отырысына қатысқан Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері қатысушылармен ой алмасты. Кәсіпкерлерге жіберілген хаттар ақпараттық сипатқа ие, сондықтан кәсіпкерге түсініктеме беру міндетті емес. Теріс әсерді болдырмау үшін бұл хаттар кері қайтарылып, бірқатар қызметкерлер тиісті тәртіптік жазаға да тартылған.

Аружан АЛПЫСБАЙ,

«QH»