Қазақстанда жедел жәрдем қызметінің жұмыс тәртібі өзгерді

13 қазаннан бастап Қазақстанда жедел медициналық жәрдем көрсету қағидаларына енгізілген жаңа өзгерістер күшіне енді. Жаңашылдықтар шақыртуларды қабылдау, пациенттерге қызмет көрсету және медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тәртібін қамтиды.

Енді жедел жәрдем көлігінің қозғалысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік бар. Қазіргі уақытта бұл жүйе Ақтөбе және Шымкент қалаларында сынақтан өткізіліп жатыр. Әзірге қызмет бірінші санаттағы шақыртулар бойынша қолжетімді.

Сонымен қатар бұрынғы төртінші санаттағы шақыртулар «шұғыл жағдай» санатына ауыстырылды. Бұл санатқа жедел аурулар немесе созылмалы аурулардың асқынуы салдарынан туындаған, алайда ағзалар мен жүйелер қызметінің кенеттен әрі айқын бұзылуы байқалмайтын жағдайлар жатады. Мұндай кезде пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей немесе ықтимал қауіп төнбейді. Қалаларда осы санаттағы шақыртуларға емханалардың мобильді бригадалары қызмет көрсетеді.

Өзгерістер медицина қызметкерлерінің жұмысын бақылау және қауіпсіздігін арттыру шараларын да қамтиды. Жедел жәрдем қызметкерлері бейнежетондармен, ал бригадалар рациялармен және мобильді камералармен жабдықталуы тиіс. Бұл құрылғылар пациентке көмек көрсету және оны ауруханаға тасымалдау барысында болған оқиғаларды аудио және бейнежазбаға түсіруге мүмкіндік береді.

Жаңа талаптар жедел медициналық көмек көрсету үдерісін бақылауды жетілдіруге, шақыртуларды тиімді ұйымдастыруға және қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»