Жас өнертапқыштар шахта қауіпсіздігін жаңа деңгейге көтермек
Кеншілер еңбегі әрдайым жауапкершілік пен қауіпсіздік талаптарын қатар қояды. Жер астындағы жағдайдың күрделілігі қауіпті алдын ала анықтап, төтенше жағдайдың алдын алатын заманауи технологияларды қажет етеді. Осы бағытта Қарағандының жас өнертапқыш қыздары жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, кеншілердің қауіпсіздігін арттыруға арналған бірегей жоба әзірледі.
«Samuryq AI» деп аталатын жоба шахтадағы қауіпті жағдайларды алдын ала болжауға бағытталған. Жас әзірлеушілердің жұмысы халықаралық деңгейде танылып, жоба енді Үндістанның Бангалор қаласында өтетін «Technovation Girls» халықаралық байқауының финалында Қазақстан атынан таныстырылмақ.
Жобаның дүниеге келуіне 2023 жылы Қарағандыдағы Костенко атындағы шахтада болған қайғылы оқиға түрткі болған. Сол оқиғадан кейін оқушы қыздар кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жаңа технологиялардың мүмкіндігін зерттеуге кіріскен.
«2023 жылы Костенко атындағы шахтада 46 адамның өмірін қиған қайғылы апат болған кезде, Қарағандыда ғана емес, жалпы әлемде қауіпсіздік жүйелерінің әлі де толық сенімді емес екенін түсіндік. Сондықтан инновациялық, жаңа тәсіл қажет болды. Осыдан кейін апаттарды алдын ала болжап, кеншілердің өмірін сақтауға көмектесетін предиктивті жүйе әзірлеуді ұйғардық», – дейді әзірлеушілер командасының көшбасшысы Әдия Шәмелова.
Жас өнертапқыштардың алғашқы тәжірибесі жер астына жылжымалы роботтарды жіберуден басталған. Алайда шахта жағдайында роботтармен байланыс тұрақсыз болғандықтан, команда бұл тәсілді жетілдіріп, сенімді стационарлық тораптар мен сымсыз желілерді пайдалануға көшкен.
Жоба бірнеше технологиялық шешімді бір жүйеге біріктіреді. Жер астына орналастырылатын датчиктер қоршаған орта туралы ақпарат жинайды, сымсыз желі деректерді жеткізеді, ал арнайы веб-қосымша алынған мәліметтерді талдауға мүмкіндік береді. Осы арқылы шахтадағы жағдайды бақылап, қауіпті өзгерістерді ертерек анықтау көзделеді.
«Samuryq AI» атауы да бекер таңдалмаған. Команда жобасына түркі мифологиясындағы Самұрық құстың атауын берген. Бұл – қауіптен қорғау мен үміттің символын технологиялық жоба идеясымен ұштастыруға жасалған қадам.
Жобаның техникалық бөлігін жетілдіруде командаға менторлары да қолдау көрсетіп келеді. Әдияның әкесі Кенжехан Иманбеков жобаның алғашқы идеядан халықаралық байқауға дейінгі жолында қыздарға бағыт-бағдар берген.
«Бәрі бір жыл бұрын Әдияның робототехникамен айналысқысы келетінін қуана айтып келгенінен басталды. Алғашында командаға тек қолдау көрсеттім. Біз түрлі қалаларға барып, байқауларға қатыстық. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастардың осындай жобалар жасап жүргенін көріп, өзіміз де шабыттандық. Қазір жобадағы кейбір датчиктер мен олардың корпустарын шахтадағы шаң, кір және жоғары ылғалдылыққа төзімді ету бағытында жұмыс істеп жатырмыз», – дейді команда менторы, Әдияның әкесі Кенжехан Иманбеков.
Жобаның тағы бір ерекшелігі – оның тек технологиялық әзірлемемен шектелмеуінде. Команда мүшелері техникалық жұмыстармен қатар бизнес-жоспарлау, қаржы, дизайн, маркетинг және жобаны таныстыру бағыттарын да меңгеріп келеді. Бұл олардың болашақ мамандықтарына қажетті тәжірибе жинауына мүмкіндік береді.
Командадағы бизнес-стратег Аиша Орынбасар жоба барысында әр бағытта жұмыс істеп, жаңа дағдыларды игергенін айтады.
«Бұл жобамен жұмыс істеу барысында алған дағдыларым мен үшін өте құнды. Жобаның әртүрлі бағыттарына араластым: дизайнмен де, бизнес бөлігімен де жұмыс істедім. Ең бастысы, командамен жұмыс істеуді үйрендім. Команда алдындағы жауапкершілікті сезіну, өз міндетіңді уақытында орындау, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасау – болашақ өмірімде қажет болатын үлкен тәжірибе», – дейді команда мүшесі, бизнес-стратег Аиша Орынбасар.
Жас өнертапқыштар халықаралық байқауға тек технологиялық жобамен ғана емес, өзіндік визуалды стилімен де баруды жоспарлап отыр. Команда дизайнері Мерей Әлжанов жобаның сыртқы келбетіне ерекше мән беріп, байқауға арналған фирмалық киімдер мен ақпараттық материалдарды әзірлеген.
«26 мамырда Астанада өткен «Technovation Girls» байқауының Celebration Event шарасына қатыстық. Ол жерде жоба мен байқауды таныстыратын арнайы стенд дайындау қажет болды. Бұл дизайнерлік тұрғыдан көп жұмыс істеуді талап етті. Қазір Үндістанға баратын сапарымызға арнайы бірыңғай форма дайындадық. Команданың есте қалуы және креативтілігімізді көрсету үшін футболка мен худилердің дизайнын жасадық. Сонымен қатар ту, стикерлер, брелоктар, термостар мен буклеттердің дизайнын әзірлеуді жоспарлап отырмыз», – дейді команда дизайнері Мерей Әлжанов.
Жобаның халықаралық финалға дейін жетуі – жасөспірімдердің техникалық біліммен қатар, зерттеу жүргізу, мәселені анықтау, шешім ұсыну және өз идеясын көпшілікке таныстыру қабілеттерін де дамытып жатқанын көрсетеді.
Ал «Samuryq AI» жобасының басты құндылығы – оның нақты өндірістік мәселеге бағытталуында. Егер әзірлеме толық жетілдіріліп, өндірістік сынақтан сәтті өтсе, шахтадағы жағдайды бақылау, қауіпті өзгерістерді ертерек анықтау және тиісті шараларды алдын ала қабылдау мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етуі мүмкін.
Енді қарағандылық жас өнертапқыштарды Бангалордағы халықаралық финал күтіп тұр. Сонымен қатар команда жобаны өндірісте пилоттық режимде сынақтан өткізуге мүмкіндік беретін инвесторлар іздеуді жоспарлап отыр.
Кеше ғана мектеп қабырғасында жүрген оқушылардың шахта қауіпсіздігі сияқты күрделі өндірістік мәселеге технологиялық шешім ұсынуы – жастардың инженерлік және цифрлық бағыттарға қызығушылығының артып келе жатқанын аңғартады. Ең бастысы, олар технологияны тек байқауда жеңіске жетудің құралы ретінде емес, адам өмірін қорғауға қызмет ететін нақты құрал ретінде қарастырып отыр.
Құралай КӨБЕНОВА,
«QH»

