Есірткі жарнамасына тосқауыл күшейді

Қарағанды облысында есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күшейтілді. Бір күннің ішінде Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларында есірткі жарнамасы бар мыңнан астам граффити жойылды. Ауқымды рейдке полиция қызметкерлерімен қатар еріктілер мен қоғам белсенділерінен құралған 200-ден астам адам қатысты.

Полицияның мәліметінше, есірткіге қатысты заңсыз жарнамаларды анықтау және жою жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Жыл басынан бері өңірде 92 рейд ұйымдастырылып, жеті мыңнан астам тыйым салынған жазу өшірілген.

Тәртіп сақшылары граффитиді жоюмен ғана шектелмей, оларды түсіріп жүрген адамдарды да анықтауға басымдық беріп отыр. Жыл басынан бері есірткі жарнамасын салып жатқан жерінен үш адам ұсталған.

Мұндай әрекет үшін заңнамада қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бұл талаптың іс жүзінде қолданылып жатқанына сот шешімдері де дәлел. Мәселен, Балқаш қаласының 37 жастағы тұрғыны есірткі жарнамасына қатысты құқық бұзушылық жасағаны үшін бір жарым жылға бас бостандығынан айырылған.

Құқық қорғау органдары азаматтарды есірткі жарнамасы бар жазуларды байқаса, оны өз бетінше таратпауға және тиісті органдарға хабарлауға шақырады. Тыйым салынған ақпаратты жоюмен қатар, оның таралуына жол бермеу – заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің маңызды бағыты.

Қарағанды облысы ПД ақпараты негізінде