Дрондар жол қауіпсіздігін бақылауда
Жолдағы тәртіпті бақылауда заманауи технологиялардың маңызы артып келеді. Бүгінде дрондар полиция жұмысының тиімділігін арттырып, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын әуеден бақылауға мүмкіндік беріп отыр.
Ұшқышсыз аппараттар бейнекамералармен жабдықталған. Олар автоматты түрде ұшып, жолдағы жағдайды бақылап, түсірілген бейнематериалды нақты уақыт режимінде полиция қызметкерлеріне жібереді.
Жыл басынан бері сегіз ай ішінде дрондардың көмегімен жол жүрісі қағидаларын бұзудың 20 мыңнан астам дерегі анықталған. Олардың қатарында қауіпсіздік белдігін тақпау, көлік жүргізу кезінде ұялы телефон пайдалану, қарсы бағытқа шығу, сыртқы жарық құралдарын қолдану талаптарын бұзу, сондай-ақ маневр жасау мен басып озу ережелерін сақтамау фактілері бар. Бұдан бөлек, мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз көлік басқарған жүргізушілер де анықталған.
Полицияның мәліметінше, әуеден бақылау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі. Бұл жол қозғалысы ережелерін бұзатын жүргізушілерді дер кезінде анықтап, жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған.
Мамандар жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтап, жылдамдық режимін бұзбауға шақырады. Өйткені қазіргі таңда жолдағы тәртіпті бақылау тек патрульдік көліктермен шектелмейді.

