Жастардың таңдауы – жарқын болашақ

Қарағандыда жасөспірімдер мен жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ерекше байқаудың қорытындысы шығарылды. «Бірге өмір үшін біз есірткіге қарсымыз!» атты анимациялық бейнероликтер байқауында қатысушылар маңызды тақырыпты құр сөзбен емес, шығармашылық жұмыстар арқылы жеткізді.

Қысқа анимациялық роликтерде жастар есірткінің адам өміріне тигізетін кері әсерін өзіндік көзқарастарымен көрсетті. Кейбір жұмыстарда зиянды әдеттің салдары бейнеленсе, енді бірінде спортпен шұғылдану, дұрыс орта таңдау және өмірлік мақсатқа ұмтылу идеялары алдыңғы орынға шыққан

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жобаның ерекшелігі – жасөспірімдерге дайын үгіт-насихат ұсынбай, маңызды мәселені олардың өз шығармашылығы арқылы жеткізуінде. Байқауға ұсынылған жұмыстардың мазмұны да әртүрлі. Жас авторлар анимация мүмкіндіктерін пайдалана отырып, зиянды әдеттен аулақ болудың және өз болашағына жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсетті.

Жоба аясында жастарға үлгі боларлық тұлғалар да салауатты өмір салтының маңызына тоқталды. Дзюдодан әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Максим Раков спорттың жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөліне назар аударды.

«Жастардың бос уақытын пайдалы өткізуі өте маңызды. Спорт адамды тәртіпке, мақсатқа жетуге үйретеді. Ең бастысы – әр адамның өз өміріне жауапкершілікпен қарап, дұрыс таңдау жасай білуі», – деді дзюдодан әлем чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Максим Раков.

Байқау қорытындысы бойынша үздік жұмыстардың авторларына бағалы сыйлықтар табысталды. Жеңімпаздарға велосипед, планшет, самокат және басқа да сыйлықтар берілді. Бірінші орынды Райана Рафкат иеленді. Сонымен қатар ерекше идеясы мен шығармашылық ізденісімен көзге түскен қатысушылар арнайы номинациялар бойынша марапатталды.

«Өз жұмысым арқылы есірткінің адам өміріне қаншалықты кері әсер ететінін көрсеткім келді. Бұл байқауға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе болды. Жастардың өз болашағын бағалап, салауатты өмір салтын таңдағанын қалаймын», – дейді байқаудың І-орын иегері Райана Рафкат.

Байқауды Қарағанды қаласы Полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімі ұйымдастырды. Жобаның мақсаты – жастардың шығармашылық қабілетін қолдау, есірткінің алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау.

«Жастардың бұл тақырыпқа шығармашылық тұрғыда қарауы маңызды. Олар өз жұмыстарында есірткінің зиянын ғана емес, дұрыс өмір салтын таңдаудың артықшылықтарын да көрсете білді. Мұндай бастамалар жасөспірімдердің өз пікірін еркін жеткізуіне мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қарағанды қаласы Полиция басқармасының бастығы Шахназар Салин.

Байқау барысында ұсынылған жұмыстар жастардың әлеуметтік маңызы бар мәселелерге өзіндік көзқарасы бар екенін көрсетті. Шығармашылық арқылы айтылған ойдың бірі – адамның болашағы бүгінгі таңдаған жолына байланысты екені.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»