Тұмауға қарсы екпе науқаны басталады
Қарағанды облысында тұмау маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. 15 қыркүйектен бастап өңір тұрғындарына тұмауға қарсы вакцинация жасау басталады.
Жергілікті бюджет есебінен Ресейде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасының 173 мың дозасы сатып алынды. Мамандардың айтуынша, екпе бір рет салынады. Вакцинадан кейін ағзаның қорғаныс қабілеті 8–12 күн ішінде қалыптасып, иммунитет бір жылға дейін сақталады.
Бюджет қаражаты есебінен бірінші кезекте диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектер, балалар үйінің тәрбиеленушілері, қарттар үйінің тұрғындары және медицина қызметкерлері вакцинацияланады.
Эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты жүкті әйелдерге, педагогтерге, әскери қызметшілерге, жүрек-қантамыр және тыныс алу жүйесінің созылмалы аурулары бар азаматтарға, сондай-ақ 65 жастан асқан тұрғындарға тұмауға қарсы екпе алу ұсынылады.
Облыс тұрғындары вакцинацияны тұрғылықты жері бойынша емханалардың екпе бөлмелерінен ала алады. Бұдан бөлек, азаматтар екпені жұмыс берушінің қаражаты немесе өз қаражаты есебінен де салдыруына болады.
Мамандар тұмау маусымы басталғанға дейін вакцинациядан өту аурудың алдын алудың тиімді жолдарының бірі екенін атап өтеді.

