Қарағандылық шахматшы Олимпиадада
Қарағандылық 17 жастағы шахматшы Даниял Сапенов спорттық мансабында алғаш рет Дүниежүзілік шахмат олимпиадасына қатысады. Әлемдегі ең ірі командалық шахмат жарыстарының бірі биыл 16–27 қыркүйек аралығында Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтеді. Жас спортшы Қазақстан ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғайды.
Даниял Сапенов – FIDE халықаралық шебері (IM), сондай-ақ Қазақстан Республикасының спорт шебері. Ол шахматпен жеті жасынан бастап айналысып келеді. Жас кезінен шахматқа қызығушылық танытып, түрлі республикалық және халықаралық жарыстарда тәжірибе жинақтаған спортшы бүгінде Қазақстанның болашағынан зор үміт күттіретін жас шахматшыларының бірі.
Қазақстан чемпионатындағы жеңісінен кейін Даниялға белгілі гроссмейстерлердің жетекшілігімен жаттығуға мүмкіндік туды. Бұл оның кәсіби деңгейін көтеріп, халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетуіне жол ашты.
2026 жыл қарағандылық шахматшы үшін ерекше табысты кезең болды. Сәуір айында Сербияда өткен жасөспірімдер арасындағы рапидтен әлем чемпионатында Даниял күміс жүлдеге ие болды. Ал маусым айында халықаралық Aktobe Open турнирінде екінші орын алып, халықаралық гроссмейстер нормасын орындады. Бұл нәтиже жас спортшының кәсіби мансабындағы маңызды жетістіктердің бірі болды.
Жуырда Даниял Abu Dhabi International Chess Festival аясында өткен Masters турниріне де қатысып, жақсы нәтиже көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша шахматшы өз рейтингін көтеріп, алдағы маңызды бәсекелерге дайындығын пысықтады. 16 қыркүйекте Самарқандта басталатын Дүниежүзілік шахмат олимпиадасы Даниял Сапенов үшін халықаралық деңгейдегі алғашқы Олимпиада болмақ. Ол Қазақстан құрамасы сапында әлемнің мықты шахмат командаларымен бақ сынап, ел қоржынына жоғары нәтиже әкелуге талпынады.
17 жасында ұлттық құрама сапынан орын алып, шахмат Олимпиадасына жолдама алған Даниялдың бұл жарысы оның спорттық мансабындағы маңызды кезеңге айналмақ. Қарағандылық жас шахматшының алдағы бәсекелерде шеберлігін көрсетіп, Қазақстан құрамасының жоғары орындардан көрінуіне өз үлесін қосуы күтіледі.
Жанайым ЖАЛҒАС,
«QH»

