Әскери есептен – ел қауіпсіздігіне дейін

Болашақ сарбаздар үшін Отан алдындағы борышын өтеу дәл осы жерден басталады. Азаматтарды әскери есепке қою, әскерге шақыру және резервті даярлау – жергілікті әскери басқару органдарының негізгі міндеттерінің бірі. Бұл құрылымдар әскери қызметке шақырылатын жастарды есепке алып қана қоймай, олардың құжаттарын рәсімдеу, медициналық тексеруден өткізу, әскери бөлімдерге жөнелту секілді маңызды жұмыстарды атқарады.

12 қыркүйекте қорғаныс істері жөніндегі департаменттер мен бөлімдердің қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтті. Биыл жергілікті әскери басқару органдарының құрылғанына 35 жыл толып отыр. 1991 жылғы 12 қыркүйекте Әскери комиссариатқа республикалық орган мәртебесін берген Президент Жарлығы күшіне енген болатын. Содан бері бұл жүйе елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ететін маңызды буындардың біріне айналды.

Жергілікті әскери басқару органдарының қызметі кең ауқымды. Олар мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жұмыс істейді, әскерге шақырылушылар мен әскери міндеттілердің есебін жүргізеді, мерзімді әскери қызметке шақыру мен жөнелтуді ұйымдастырады. Сонымен қатар жұмылдыру резервін қалыптастыруға және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге атсалысады.

Қанат Әбілхановтың айтуынша, жергілікті әскери басқару органдарының күнделікті жұмысы елдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл салада қызмет атқаратын мамандардың жауапкершілігі жоғары, өйткені олардың жұмысы әскери қызметке шақырылатын азаматтардың тағдырымен және мемлекеттің қорғаныс қабілетімен тікелей байланысты.

Сала ардагерлерінің тәжірибесі де бүгінгі жұмыс үшін маңызды. Қарулы Күштердің ардагері, полковник Мейрамбек Түлекбаев әскери комиссариат жүйесінде 1984 жылдан бастап еңбек еткен. Алдымен Теміртау қалалық, кейін Қарағанды облыстық әскери комиссариатын басқарған ол әскери қызметтен кейін де сала жұмысынан қол үзген жоқ.

Әскер қатарынан әскери комиссариат жүйесіне келген ардагер үшін жаңа қызметті меңгеру оңай болмаған. Себебі бұл жұмыста әскери қызметшілермен ғана емес, азаматтық персоналмен, жергілікті атқарушы органдармен, полициямен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, кәсіпорындар және оқу орындарының басшыларымен тығыз байланыс орнату қажет.

– Ең алдымен, қол астыңдағы сарбаздармен және сержанттармен дұрыс қарым-қатынас орната білу керек. Ал жергілікті әскери басқару органдарында жұмыс істегенде ұжымдағы азаматтық тұлғалармен, сондай-ақ жергілікті билік өкілдерімен – әкімдіктермен, полициямен, Ұлттық қауіпсіздік комитетімен, кәсіпорын мен оқу орны басшыларымен тығыз байланыс орнату маңызды. Өйткені жастарды әскерге даярлауда осы аталған құрылымдардың барлығымен де жұмыс істеуге тура келеді. Осы сұрақтардың бәрін шешуді біртіндеп үйрендік, – дейді Мейрамбек Түлекбаев.

2005 жылдан бері зейнет демалысында жүрген полковник ардагерлер ұйымының жұмысына белсенді араласып келеді. Жасөспірімдермен кездесіп, әскери қызметтің маңызын түсіндіруге атсалысады. Оның пайымынша, жастардың әскери мамандыққа қызығушылығын арттыру жұмысы мектеп қабырғасынан басталуы керек. Бұл ретте ата-аналар, мұғалімдер, алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары мен әскери басқару органдарының өкілдері бірлесе жұмыс істеуі қажет.

– Соңғы уақытта жұмыс істеу сәл қиындау, өйткені жастардың әскери мамандыққа деген ынтасы төмендеп кетті. Осыған орай, біз жастарды әскерге тарту бағытында ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл іс мектеп қабырғасынан басталуы тиіс. Адамдарды дұрыс бағыттап, әскердің оң тұстарын көрсетуіміз керек. Отанды қорғай білу маңызды, ал ол үшін осы мамандықты таңдауға дайын ер-азаматтар қажет, – дейді ардагер.

Мерейтойға арналған салтанатты шара барысында жергілікті әскери басқару органдарының дамуына және жастарға әскери-патриоттық тәрбие беруге үлес қосқан әскери қызметшілер, ардагерлер мен азаматтық персонал марапатталды.

Қарағанды облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаменті өңірдегі әскери басқару жүйесінде ерекше орын алады. Оның құрамында 12 аудандық және қалалық басқарма мен бөлім жұмыс істейді. 35 жылдық мерейтой – осы салада жылдар бойы еңбек етіп, ел қорғанысын қамтамасыз етуге үлес қосқан жандардың еңбегін бағалап, кейінгі буынға олардың тәжірибесін насихаттауға мүмкіндік берген маңызды дата.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»