Әскер мәселесінде – ашық диалог

Қарағанды қаласында әскери қызмет пен әскери міндеттілікке қатысты тұрғындардың сауалдарына жауап берілген ашық кездесу өтті. Жиын барысында азаматтар әскерге шақыру тәртібі, кейінге қалдыру мүмкіндіктері, әскери қызметтен босатудың заңды негіздері және өз құқықтарын қорғау жолдары жөнінде мамандардан толық ақпарат алды.

Кездесудің негізгі мақсаты – азаматтардың әскери міндеттілік саласындағы құқықтық сауаттылығын арттырып, қолданыстағы заң талаптарын түсіндіру және тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша нақты кеңес беру.

Ашық диалогқа жергілікті әскери басқару органдарының мамандары мен әскери прокуратура өкілдері қатысты. Мамандар тұрғындардың жеке сауалдарын тыңдап, әр жағдайға байланысты түсініктеме берді. Әсіресе әскери есепке қою, әскерге шақыру науқанының тәртібі, мерзімді әскери қызметтің ерекшеліктері және әскери оқу орындарына түсу мүмкіндіктері туралы сұрақтарға назар аударылды.

Жиын барысында азаматтардың құқықтарын қорғау мәселесі де кеңінен түсіндірілді. Әскери прокуратура өкілдері заң талаптары бұзылған жағдайда қайда жүгіну керектігін, шағым беру тәртібін және азаматтардың құқықтық мүмкіндіктерін түсіндірді. Бұл тұрғындардың өз құқықтары мен міндеттерін жақсырақ түсінуіне мүмкіндік берді.

Қазыбек би атындағы ауданның қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің шақыру және әскери емес жұмыстар бөлімшесінің бастығы Станислав Мусакуловтың айтуынша, мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі әскери қызметке қатысты ақпараттың ашық әрі түсінікті болуы азаматтардың заң талаптарын дұрыс орындауына және өз құқықтарын білуіне ықпал етеді.

Кездесуге «Жас сарбаз» қозғалысының оқушылары да белсенді қатысты. Жастар ақпараттық жадынамалар таратып, тұрғындарға қажетті мәліметтерді алуға бағыт-бағдар берді. Бұл олардың әскери-патриоттық тәрбиеге және қоғамдық іс-шараларға белсенді араласуына мүмкіндік берді.

Қала тұрғыны Кирилл Герасимчук мұндай форматтағы кездесулердің қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, азаматтардың көкейіндегі сұрақтарды жауапты мамандарға тікелей қойып, нақты ақпарат алуы маңызды.

Ашық кеңес тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты нығайтып, әскери қызметке қатысты мәселелер бойынша тікелей әрі ашық диалог орнатуға мүмкіндік берді. Мұндай түсіндіру шаралары азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, қажетті ақпараттың қолжетімді болуына жол ашады.

Әскери міндеттілікке қатысты заң талаптарын білу – әр азамат үшін маңызды. Сондықтан тұрғындармен ашық форматтағы кездесулер өткізу, сауалдарға нақты жауап беру және құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу алдағы уақытта да жалғасын табады.

Қанағат ЭДУАРДҚЫЗЫ,

«QH»