Қарағандылық оқушы Арктиканы бағындырды

Қарағандыдан Арктикаға қалай жетуге болады? 16 жастағы Анна Рагозина үшін бұл арман күтпеген жерден шындыққа айналды. Ол «Білім мұзжарғышы» халықаралық ғылыми-ағартушылық байқауында топ жарып, Солтүстік полюске аттанған жас зерттеушілер экспедициясының құрамына енді. Қарағандылық оқушы мұзды құрлықты көріп қана қоймай, алты метрге дейін жеткен толқынды дауылды бастан өткеріп, ақ аюларды жолықтырып, Арктиканың табиғаты мен ғылыми мүмкіндіктерін зерттеді.

Аннаның айтуынша, Солтүстік полюске баратынын ол ешқашан ойламаған. Байқау туралы Telegram-арнадан кездейсоқ біліп, өз күшін сынап көруге шешім қабылдаған.

– Мен Солтүстік полюске немесе жалпы Арктикаға бара аламын деп ешқашан ойлаған жоқпын. Байқау туралы кездейсоқ білдім. Telegram-арнадан көріп, өзімді сынап көруге шешім қабылдадым. Өйткені мені ғылым, жаңа технологиялар және басқа елдердің адамдарымен танысып, тәжірибе мен мәдениет алмасуға мүмкіндік беретін жобалар әрдайым қызықтыратын, – дейді Анна Рагозина.

«Білім мұзжарғышы» жобасы 14-16 жас аралығындағы оқушылардың ғылымға қызығушылығын арттыруға бағытталған. Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Қатысушылар ғылыми викториналарға қатысып, вебинарлардан өтіп, түрлі тапсырмаларды орындап, атом технологиялары тақырыбында қорытынды бейнетаныстырылым әзірлейді.

Биыл байқауға қатысуға 945 оқушы өтініш берген. Қатаң іріктеу нәтижесінде үздік қатысушылар ғана халықаралық экспедицияға жолдама алды. Қазақстан атынан жеңімпаз атанған Анна Рагозина да барлық кезеңнен сүрінбей өтіп, елдің үздік қатысушысы ретінде Солтүстік полюске сапар шегу мүмкіндігіне ие болды.

Экспедиция қатысушылары «Жеңіске 50 жыл» атомдық мұзжарғыш кемесімен Арктикаға аттанды. Әлемнің 22 елінен жиналған жас зерттеушілер он күн бойы бір кемеде саяхаттап, бір-бірімен тәжірибе және мәдениет алмасты. Олар атомдық мұзжарғыштың жұмысымен танысып, оның қалың мұз қабаттарын қалай бұзып өтетінін көрді. Сонымен қатар Арктиканың табиғаты, заманауи технологиялар және ғылым салалары бойынша білімдерін толықтырды.

Анна жеңіс туралы хабарды алғаш естігенде, өзіне берілген мүмкіндікке бірден сене қоймаған.

– Бұл нағыз «вау» деген сәт болды. Шынымды айтсам, Қазақстан атынан жеңімпаз атанамын деп күтпедім. Алғашында тіпті сенбедім. Мүмкін бір жерде түсініксіздік бар шығар, мен жеңімпаз емес шығармын деп ойладым. Кейін ресми сайттан өзімді көріп, тегімді тапқан соң ғана жеңімпаз екеніме көз жеткіздім. Содан кейін экспедицияға дайындала бастадым, – дейді ол.

Сапарға дайындық та ерекше өтті. Анна отбасымен бірге Арктиканың қатаң ауа райына сай жылы киімдерін жинап, шетелдік қатысушыларға Қазақстаннан арнайы сыйлықтар дайындаған. Олардың арасында қазақстандық шоколад, құрт және ұлттық нақыштағы шағын естелік бұйымдар болған.

Ал Арктикаға сапар жас зерттеушінің күткенінен де әсерлі өтті. Экспедицияның алғашқы күндерінде қатысушылар алты метрге дейін жеткен толқындары бар дауылды бастан өткерген. Кейін мұзды аймаққа енген кезде табиғаттың ерекше көріністері басталған. Франц-Иосиф Жері, мұздықтар, құстар мекендейтін жартастар және ақ аюлар жас саяхатшыларға ұмытылмас әсер қалдырды.

– Мүмкін, ең есте қалғаны – ақ аюмен кездескеніміз. Ұзақ уақыттан кейін алғаш рет тірі жанды көргенде, бұл таңданыс сезімін тудырады. Алғашқы үш күнде дауыл болды. Мұзды аймаққа кіргеннен кейін көңіл-күйіміз де сәл жақсарды. Өйткені Арктиканың ауқымын толық сезініп, мұздарды көре бастадық. Күн суыта түсті, кейін аю да пайда болды. Жалпы, бәрі кинодағыдай болды, – дейді Анна.

Экспедицияның ең басты әрі тарихи сәті – Солтүстік полюске жету болды. Мұзжарғыш кемеде «Біз Солтүстік полюске жеттік!» деген хабар айтылған сәтте жас зерттеушілер үшін сапардың ең маңызды мақсаты орындалды.

Анна үшін бұл сапар ғылыми білім алумен қатар, әлемнің түкпір-түкпірінен келген құрдастарымен танысып, жаңа мәдениеттерді тануға мүмкіндік берген ерекше тәжірибе болды. Қазақстанның атынан халықаралық экспедицияға қатысып, елін таныстыру жас қарағандылық үшін үлкен жауапкершілік әрі мақтанышқа айналды.

Аннаның анасы Ольга Тарасова да қызының жетістігіне қуанышын білдіреді.

– Анюта Солтүстік полюске бару мүмкіндігін жеңіп алғанын білгенде, әрине, қатты қуандық. Біз Анюта үшін өте мақтанамыз. Мұндай мүмкіндік өмірде бір-ақ рет беріледі. Оның үстіне бұл байқауға бір рет қана қатысуға болады, – дейді Ольга Тарасова.

Қазір Анна оқуын жалғастырып, жаңа ғылыми жобаларға ден қойып жүр. Ол 11-сыныпта білім алады. Болашақ мамандығын таңдауға да қазірден бастап мән беріп отыр. Жас зерттеушіні инженерия саласы, соның ішінде ядролық технологиялар мен медицина ерекше қызықтырады.

Қарапайым ғана байқауға қатысып, өзін сынап көруден басталған қадам Аннаны Солтүстік полюске алып барды. Арктиканың қатаң табиғатын көріп, ғылым мен технологияның мүмкіндіктерін зерттеген қарағандылық оқушы үшін бұл сапар өміріндегі маңызды белестердің біріне айналды. Ал оның жетістігі өз қатарластарына білімге ұмтылып, ғылыми жобаларға қатысып, жаңа мүмкіндіктерді іздеуге жақсы үлгі бола алады.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»

Суреттер: Анна Рагозинаның жеке мұрағатынан