Жақсылықтың ізі – өнерде

Қарағандыдағы Орталық саябақта жануарларға деген жанашырлықты бейнелейтін жаңа арт-нысан пайда болды. Стрит-арт суретшісі Илья Талипов саябақ тұрғындары жақсы көрген Беляш пен Чернышка есімді иттердің бейнесін скейт-алаңша қабырғасына салды.

Бұған 11 тамызда болған қайғылы оқиға себеп болды. Саябақтағы екі ит жоғалып, Беляш қаза тапқан. Жануарларды қорғаушылар мен қала тұрғындары оқиғаның мән-жайын анықтауға тырысса, суретші бұл жағдайды өнер арқылы есте қалдыруды жөн көрген.

– Бұл өте резонансты іс болды. Біз де жануарларды жақсы көреміз. Әлеуметтік желідегі пікірлердің бірінен иттерге ескерткіш қойса деген ұсынысты көрдім. Ескерткіш деген тым асқақ естілетін шығар, сондықтан граффити салуды жөн көрдім, – деді стрит-арт суретшісі Илья Талипов.

Суретші арнайы эскиз дайындамай, иттердің фотосуреттерін негізге алып, нейрожелі көмегімен бейнені өңдеп, жұмыстың қалған бөлігін өзі орындаған. Нәтижесінде саябақтың бұрын жағымсыз жазулар болған қабырғасы жаңа мағынаға ие болды.

Қала тұрғыны Сергей Пухов та Беляшты жақсы білетіндердің бірі. Оның айтуынша, ит адамдарға жақын, мейірімді болған. Тіпті бірде саябақта серуендеп жүрген кезінде тұрғындарды бұралқы иттерден қорғап, кейін оларды үйіне дейін шығарып салған.

Жаңа арт-нысан қала тұрғындарына жануарларға жауапкершілікпен қараудың маңызын еске салады. Бұл – саябақта болған оқиғаның естелігін сақтап қана қоймай, адамгершілік пен жанашырлыққа үндейтін шығармашылық бастама.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»