Қауіпсіздік – ортақ міндет

Қарағанды теміржол вокзалында есірткінің заңсыз айналымының алдын алуға бағытталған рейд өтті. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында «Қауіпсіз пойыз» атауымен ұйымдастырылған шара «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүзеге асырылды.

Рейдтің негізгі мақсаты – есірткі заттарын заңсыз тасымалдау мен тарату фактілерінің алдын алу және жолаушылар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Көліктегі полиция қызметкерлері вокзал аумағы мен жолаушылар пойыздарын тексеріп, қызметтік-іздестіру иттерін де пайдаланды.

Қарағанды вокзалы – жолаушылар көп қатынайтын маңызды нысандардың бірі. Мұнда күн сайын екі мыңнан астам адам өтсе, станцияға 40-тан астам пойыз келеді. Рейд барысында Алматы–Қостанай бағытындағы №43 пойыз жолаушыларына есірткі заттарын сақтау, тасымалдау және таратқаны үшін заңда көзделген жауапкершілік түсіндірілді. Мамандар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296, 297 және 297-1-баптарына тоқталды.

– Мұндай шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу. Жолаушыларға есірткі заттарын сақтау, тасымалдау және таратудың салдары туралы түсіндіреміз, – деді Қарағанды-Сұрыптау станциясындағы Көліктегі полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің бастығы Ернат Баймұханбет.

Полиция қызметкерлері жолаушыларға ақпараттық парақшалар таратып, сенім телефондарының нөмірлерін ұсынды. Ал жыл басынан бері Көліктегі полиция басқармасының қызметкерлері заңсыз айналымнан 850 грамнан астам есірткі затын тәркілеген.

«Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 маусымнан 31 қазанға дейін жалғасады. Оның барысында теміржол нысандарында ғана емес, есірткінің заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған өзге де профилактикалық және жедел жұмыстар жүргізіледі.

Құқық қорғау органдары азаматтарды қырағылық танытып, күдікті жағдайлар байқалған жағдайда полицияға дер кезінде хабарлауға шақырады. Заң талаптарын сақтау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет.

 

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»