Тілді үйрену – күнделікті дағдыдан басталады

Қазіргі таңда ағылшын тілін меңгеруге деген қызығушылық жыл сайын артып келеді. Әлемдік білім мен ақпаратқа жол ашатын халықаралық тіл бүгінде оқушылар үшін мектептегі пән ғана емес, болашаққа мүмкіндік беретін маңызды құралға айналды. Шетелдік оқу орындарына түсу, халықаралық жобаларға қатысу, заманауи ақпаратты еркін пайдалану және жаңа мамандықтарды игеру үшін ағылшын тілін білу үлкен артықшылық береді.

Алайда тілді қысқа уақытта әрі тиімді меңгерудің жолы қандай? Мамандардың айтуынша, мұнда ең бастысы – күрделі әдістерді іздеу емес, тілді күнделікті өмірде қолдануға дағдылану.

 

Тілді жаттау емес, қолдану маңызды

Соңғы жылдары ағылшын тілін оқытуда коммуникативтік тәсілге басымдық беріліп келеді. Яғни оқушы жаңа сөздер мен грамматикалық ережелерді жаттап қана қоймай, алған білімін нақты жағдайда пайдалана білуі қажет.

Қарағанды қаласындағы №19 жалпы орта білім беретін мектептің ағылшын тілі мұғалімі Аружан Мақанның айтуынша, оқушыларға тілді ойын, интерактивті тапсырмалар және күнделікті өмірдегі жағдаяттар арқылы үйрету тиімді нәтиже береді.

– Біз сабақ барысында ең алдымен баланың тілді қолдану қабілетін дамытуға көңіл бөлеміз. CLIL, Task-Based Learning, Project Method, Blended Learning сияқты әдістерді жиі қолданамыз. Бұл тәсілдер оқушыны тек грамматиканы жаттаумен шектемейді. Керісінше, оны нақты жағдайларда ағылшынша ойлауға, өз ойын жеткізуге және еркін сөйлеуге жетелейді, – дейді ұстаз.

Мұғалімнің тәжірибесінде геймификация элементтері, цифрлық платформалар мен шағын жобалық жұмыстар да маңызды орын алады. Мәселен, оқушы өзіне қызықты тақырыпты таңдап, оны ағылшын тілінде зерттеп, сынып алдында шағын таныстырылым жасай алады. Мұндай тапсырма бір мезетте сөздік қорды толықтыруға, ақпарат іздеуге, сөйлеуге және өз ойын жүйелі жеткізуге үйретеді.

Ал сабақ барысында қолданылатын қысқа диалогтар мен өмірлік жағдаяттар оқушының сөйлеу дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Себебі тілді меңгерудің ең тиімді жолдарының бірі – оны іс жүзінде пайдалану.

 

Цифрлық ортажаңа мүмкіндік

Бүгінгі оқушылардың ақпаратты қабылдау ерекшелігі де өзгерді. Цифрлық технологиялармен бірге өсіп келе жатқан жас буын мультимедиалық контентке үйренген. Сондықтан заманауи технологияларды тіл үйрену үдерісіне тиімді пайдалану білім алуға деген қызығушылықты арттыра алады.

– Өз тәжірибеме сүйенсем, альфа буыны, яғни 2010 жылдан кейін туған балалар тілді өте тез меңгереді. Өйткені олар цифрлық ортада өсіп келеді. Ақпаратты жылдам игереді, мультимедиалық контентті оңай қабылдайды. Қазіргі балалардың тілдік реакциясы мен жаңа сөздерді есте сақтау жылдамдығы әлдеқайда жоғары, – дейді Аружан Ералықызы.

Ұстаздың айтуынша, электрондық құрылғыларды толық шектеу міндетті емес. Ең маңыздысы – оларды дұрыс бағытта пайдалану. Телефон немесе планшет уақытты өткізетін құрал ғана емес, білім алуға көмектесетін тиімді ресурсқа да айнала алады.

Интерактивті жаттығулар, ағылшын тіліндегі мультфильмдер, тілдік ойындар мен білім беру қосымшалары оқушының қызығушылығын сақтауға мүмкіндік береді. Әсіресе бастауыш сыныптағы балалар үшін ойын элементтері арқылы білім алу тиімді.

 

Күніне 5-10 минут та жеткілікті

Ағылшын тілін үйрену үшін міндетті түрде бірнеше сағат уақыт бөлу қажет деген түсінік бар. Алайда мамандардың пікірінше, ең маңыздысы – ұзақ оқу емес, тұрақты түрде қайталау.

Қазір оқушыларға арналған түрлі цифрлық платформалар тіл үйренуді қолжетімді етіп отыр. Мысалы, Duolingo, Lingokids, British Council Kids секілді ресурстар қысқа жаттығулар арқылы сөздік қорды толықтыруға және қарапайым тілдік дағдыларды дамытуға мүмкіндік береді.

– Мұндай бағдарламалар баланың өздігінен жаттығуына және күнделікті кем дегенде 5-10 минут тілдік дағды қалыптастыруына мүмкіндік береді. Қазіргі балаларды ең алдымен ойын форматы, қолжетімді құралдар және тез байқалатын нәтиже ынталандырады. Сондықтан әр сабақта балаға өзінің кішкентай жетістігін сезіндіру өте маңызды, – дейді мұғалім.

Мысалы, бүгін үш жаңа сөз үйрену, бір сөйлемді дұрыс айту немесе қысқа диалог құрастырудың өзі – алға жасалған қадам. Осындай шағын нәтижелер баланың өзіне деген сенімін арттырып, әрі қарай үйренуге ынталандырады.

 

Әлеуметтік желіні де білімге пайдалануға болады

Қазіргі оқушылардың күнделікті өмірін интернет пен әлеуметтік желілерсіз елестету қиын. Сондықтан бұл ортаны тек көңіл көтеру алаңы ретінде қарастырмай, білім алу мүмкіндігі ретінде пайдалану да маңызды.

Аружан Мақанның айтуынша, оқушыларды интернеттегі ақпаратты саналы пайдалануға үйрету қажет.

– Интернеттен ақпаратты дұрыс іздеу, сенімді ресурстарды ажырата білу, электрондық құрылғыларды тиімді пайдалану сияқты дағдыларды да сабақ барысында қалыптастыру қажет. Қандай заман болса да, тұрақтылық, тәртіп және күнделікті дағды қалыптастыру тіл үйренудің негізгі факторы болып қала береді, – дейді ол.

Бүгінде ағылшын тіліндегі контенттің көп болуы да оқушылардың тілге қызығушылығын арттырып отыр. Фильмдер, мультфильмдер, ойындар, әлеуметтік желідегі бейнематериалдар мен түрлі білім беру контенттері баланың тілді табиғи түрде қабылдауына ықпал етеді.

Мәселен, бастауыш сынып оқушысы сүйікті мультфильмін ағылшын тілінде көруге қызығуы мүмкін. Мұндай қызығушылықты дұрыс пайдалана білсе, ол баланың жаңа сөздерді есту арқылы қабылдауына және тілге деген ынтасының артуына әсер етеді.

Қорыта айтқанда, ағылшын тілін тез меңгерудің басты сыры – бір күнде көп ақпарат жаттау емес, тілді күн сайын аз да болса қолдану. Жаңа сөздерді қайталау, қысқа диалог құрастыру, ағылшынша мультфильм көру, ән тыңдау немесе бірнеше минут тілдік қосымшада жаттығу уақыт өте келе жақсы нәтижеге жеткізеді.

Тіл үйренуде қабілеттен бұрын тұрақтылық маңызды. Күн сайын жасалған шағын қадам оқушының сөздік қорын байытып, сөйлеу дағдысын қалыптастырады. Ал мектептегі заманауи оқыту әдістері мен цифрлық мүмкіндіктер осы үдерісті қызықты әрі қолжетімді етуге жол ашады.

Жанайым ЖАЛҒАС,

«QH»

Сурет: ЖИ және ашық дереккөз