Қарағандыда еңбекке жол ашатын мүмкіндік көбейді

Қарағанды қаласында тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұл бағыттағы негізгі міндет – жұмыс іздеген азаматқа тек бос жұмыс орнын ұсыну емес, оның білімі, тәжірибесі мен кәсіби мүмкіндігіне сай тұрақты еңбек етуіне жағдай жасау. Осы орайда қаладағы Мансап орталығы мен «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталығы тұрғындарға нақты қолдау көрсетіп келеді.

Жақында Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Қарағандыға жұмыс сапары барысында аталған орталықтардың қызметімен танысты. Министр жұмыс іздеп жүрген азаматтармен кездесіп, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу тетіктерінің қалай жүзеге асырылып жатқанын көрді.

Ресми мәліметке сәйкес, жыл басынан бері Қарағанды облысының Еңбек мобильділігі орталығы мен мансап орталықтарына 40 128 адам жүгінген. Оның ішінде 26 мыңға жуық азаматқа жұмыс табуға көмек көрсетілген. Бұл көрсеткіш өңірдегі жұмыспен қамту шараларының азаматтардың еңбек нарығына қайта қосылуына бағытталғанын көрсетеді.

 

Әр азаматқа – жеке қолдау

Қарағанды қаласының Мансап орталығына жұмыс іздеп жастар ғана емес, орта және аға буын өкілдері, сондай-ақ еңбек жолын жалғастырғысы келетін зейнеткерлер де келеді. Орталық мамандары азаматтарға бос жұмыс орындарын ұсынып қана қоймай, олардың кәсіби тәжірибесі мен мүмкіндігін ескеруге мән береді.

Мұның нақты бір мысалы – биыл жоғары оқу орнын тәмамдаған Нұртілек Болат. Жас маман Мансап орталығына жүгініп, алған мамандығына сәйкес жұмыс табуға көмек алған. Оған Қарағандыдағы ұйымдардың бірінен дизайнер қызметі ұсынылған. Бұл – еңбек жолын енді бастаған жастар үшін кәсіби бағыт-бағдар берудің маңызын көрсететін мысал.

Министр Асқарбек Ертаев та мансап орталығы мамандарының жұмысын осы тұрғыдан бағалады.

– Мансап орталықтарына көмек сұрап келген адамдардың пікірін тікелей есту маңызды. Әр адамның артында нақты өмірлік жағдай бар. Сондықтан мамандардың міндеті тек кеңес берумен немесе бос жұмыс орындарының тізімін ұсынумен шектелмеуі керек. Адамның тәжірибесін, мүмкіндігін және кәсіби тұрғыда дамуға деген талабын ескеріп, оған лайықты жұмыс табуға көмектесу қажет, – деді Асқарбек Ертаев.

Бұл тәсіл жұмыспен қамту саясатының басты қағидаларының бірі – азаматты еңбек нарығында өз мүмкіндігіне сай орнықтыруға бағытталғанын аңғартады.

 

Жастарға жол ашылады

Қарағандыдағы жұмыспен қамту шараларында жас мамандарға да ерекше көңіл бөлінеді. Жоғары оқу орнын жаңа аяқтаған түлектер үшін алғашқы жұмыс орнын табу кәсіби тәжірибе жинақтаудың маңызды кезеңі.

Мансап орталығының көмегімен жас мамандар өз мамандығына сәйкес жұмыс орындары туралы ақпарат алып, жұмыс берушілермен байланыса алады. Бұл әсіресе еңбек жолын енді бастаған жастардың мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар орталық қызметі белгілі бір жас санатымен шектелмейді. Қайта даярлауды қажет ететін азаматтарға, жұмысынан айырылған тұрғындарға және еңбек нарығында жаңа мүмкіндік іздеген жандарға да қолдау көрсетіледі.

 

Ерекше қажеттілігі бар азаматтарға қолдау

Қарағандыдағы әлеуметтік қолдау жүйесінің тағы бір маңызды бағыты – мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту. Бұл бағытта Мансап орталығында JOB COACH жобасы жүзеге асырылуда.

Жоба аясында арнайы дайындықтан өткен мамандар жұмыс істейді. Олардың арасында ымдау тілі маманы мен психолог бар. Көру және тірек-қимыл жүйесі бұзылған азаматтарға арналған арнайы жұмыс орындары да жабдықталған. Мұндағы мақсат – адамды жұмысқа орналастырып қана қоймай, оның еңбек ұжымына бейімделуіне жағдай жасау.

Мәселен, орталық қызметкерлерінің бірі – Іңкәр Нұрмағанбетова да мүгедектігі бар азамат. Ол өзі кресло-арбамен жүріп-тұрады. Бүгінде Мансап орталығында еңбек етіп, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға лайықты жұмыс табуға және жұмыс берушілермен байланыс орнатуға көмектесіп жүр.

 

«Ten Qogam»: жұмыспен қатар, әлеуметтік бейімделу

Қарағандыдағы «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталығы да тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсететін маңызды орындардың бірі. Мұнда мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік, психологиялық және заңгерлік көмек көрсетіліп, мемлекеттік қызметтерді алу, оңалтудың техникалық құралдарын таңдау және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес беріледі.

Орталықтың қолдауымен бірінші топтағы мүгедектігі бар Найман Жақсығұрин өзіне лайықты кәсіби бағытты анықтап, қоғамдық бірлестікке еңбек нұсқаушысы болып жұмысқа орналасқан. Қазір ол мүгедектігі бар балаларға өздігінен өмір сүруге қажетті дағдыларды үйретеді.

Министр бұл жұмыстың әлеуметтік маңызына да тоқталды.

– Адамның жұмыс істеуіне, өз қабілетін көрсетуіне және өзгелерге пайдасын тигізуіне жағдай жасау – тек жұмыспен қамту мәселесі емес. Бұл оның өзіне деген сенімін арттырып, дербес өмір сүруіне және қоғамға қажеттілігін сезінуіне жол ашады, – деді Асқарбек Ертаев.

Қарағанды қаласындағы бұл тәжірибе жұмыспен қамту мен әлеуметтік қолдаудың бір-бірімен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Әсіресе жастарға алғашқы жұмыс орнын табуға көмектесу, мүгедектігі бар азаматтардың еңбекке араласуына жағдай жасау және жұмыс іздеушінің жеке мүмкіндігін ескеру – әлеуметтік саясаттың маңызды бағыттары.

Бүгінде еңбек нарығындағы басты міндет – адамға жай ғана жұмыс ұсыну емес, оның тұрақты табыс тауып, кәсіби әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік беру. Қарағандыдағы Мансап орталығы мен «Ten Qogam» орталығының жұмысы осы мақсатқа бағытталған.

Құралай КӨБЕНОВА,

«QH»