Көшет өндірісі қарқын алады

Қарағанды облысында орман қорын қалпына келтіріп, өңірдің жасыл аумағын кеңейтуге бағытталған жаңа жоба жүзеге асуда. Қолданыстағы орман тәлімбағының аумағында қылқан жапырақты ағаш көшеттерін өсіретін заманауи жылыжайдың құрылысы басталды. Нысан толық қуатына шыққанда жылына 1 миллионға дейін көшет өсіруге мүмкіндік береді.

Орманды қалпына келтіру жұмыстарының нәтижелі болуы сапалы отырғызу материалымен тікелей байланысты. Осыны ескерген мамандар көшет өсірудің заманауи технологияларын енгізуге басымдық беріп отыр.

Жаңа жылыжайда тамыр жүйесі жабық қылқан жапырақты көшеттер өсіріледі. Бұл технологияның тиімділігі – өсімдіктің тамыры зақымданбайды. Соның арқасында көшет жерге отырғызылғаннан кейін жаңа ортаға тез бейімделіп, жерсіну көрсеткіші жоғарылайды.

Жылыжай жағдайында көшет өсіру мерзімі де қысқарады. Ашық топырақта отырғызуға дайын көшет алу үшін шамамен екі жыл қажет болса, жаңа технология бұл уақытты бір жылға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Яғни бір жыл ішінде сапалы отырғызу материалын дайындап, орманды қалпына келтіру жұмыстарына бағыттауға болады.

Нысан заманауи автоматтандырылған жүйелермен жабдықталмақ. Мұнда өсімдіктерге қажетті микроклимат бақыланып, автоматты және жаңбырлатып суару жүйелері жұмыс істейді. Мұндай жағдай көшеттердің біркелкі өсіп, қажетті сапаға жетуіне мүмкіндік береді.

Жоба тек жылыжай құрылысымен шектелмейді. Орман тәлімбағының аумағын кезең-кезеңімен кеңейтіп, оның көлемін 80 гектарға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл өңірдің орман шаруашылығына қажетті көшет қорын тұрақты қалыптастыруға жол ашады.

Жылына 1 миллионға дейін көшет өндіру мүмкіндігі Қарағанды облысының орман қорын молайту ісіне айтарлықтай серпін бермек. Өсірілген көшеттер ең алдымен өңірдегі орман алқаптарын қалпына келтіруге жұмсалады. Атап айтқанда, Қарағанды және Ақтоғай орман шаруашылықтарын сапалы отырғызу материалымен қамтамасыз ету көзделген.

Мамандардың айтуынша, көшетті жергілікті жерде өсірудің артықшылығы мол. Біріншіден, орман шаруашылықтарын қажетті материалмен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Екіншіден, көшеттердің сапасы мен жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға бейімділігін бақылау жеңілдейді.

Жобаның экологиялық маңызы да ерекше. Орман алқаптарын көбейту – табиғи ортаны сақтаудың маңызды тетіктерінің бірі. Жасыл желектің көбеюі топырақты жел эрозиясынан қорғауға, табиғи экожүйелердің тұрақтылығын сақтауға және өңірдегі жасыл белдеуді кеңейтуге ықпал етеді.

Қарағанды облысы үшін бұл бастама ұзақ мерзімді экологиялық жоспарлардың маңызды бөлігі болмақ. Бір жылыжайда өсірілетін миллион көшет – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақтың табиғи ортасын қалыптастыруға бағытталған инвестиция.

Сапалы көшет – орнықты орманның бастауы. Ал орманы көбейген өңірдің табиғи әлеуеті де арта түсетіні сөзсіз.

Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,

«QH»