Кенжардан домнаға дейін
Көмір кенішінен металлургия ошағына дейінгі 30 шақырым. Қарағанды мен Теміртауды жалғаған бұл жол биыл Кеншілер күніне арналған ерекше спорттық шараға айналды. 30 тамызда «Qarmet» компаниясы ұйымдастырған «Кенжар – Домна – 2026» бұқаралық велошеруіне шахта жұмысшылары, металлургтер, кәсіби спортшылар мен қала тұрғындарын қоса алғанда, 250-ге жуық адам қатысты.
Шара Қарағандының Орталық саябағындағы кеншілер ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бұл – аймақтың тарихында айрықша орны бар мамандық иелеріне құрмет көрсетудің өзіндік белгісі.
Кеншілер күні тамыздың соңғы жексенбісінде аталып өтеді. Қарағанды үшін бұл мерекенің маңызы ерекше. Себебі көмір өндірісі қаланың қалыптасуы мен дамуына тікелей ықпал етіп, кенші мамандығы өңірдің еңбек тарихының ажырамас бөлігіне айналды.
Биылғы велошерудің бағыты да осы тарихи байланысты бейнеледі. Қатысушылар Қарағандыдан шығып, Теміртаудағы Qarmet Park аумағына дейін велосипедпен жетті. Бірі – көмір өндіретін кеншілер қаласы болса, екіншісі – болат балқытатын өндірістік орталық. Екі шаһардың арасындағы жол тау-кен металлургия кешенінің өзара байланысын айшықтай түсті.
– Бұл жарыс жыл сайын ұйымдастырылады. Бұған дейін Саран, Абай және Шахтинск бағыттарымен жүріп өттік. Биыл Қарағандыдан Теміртауға дейінгі бағытты таңдадық. Осылайша көмірлі өңірді болат өндірісімен байланыстырып отырмыз. Барша қатысушыға зор денсаулық және сәттілік тілеймін, – деді «Qarmet» АҚ логистика жөніндегі директоры Вячеслав Миронов.
Велошеруге қатысушылардың арасында компания қызметкерлері ғана емес, спортты серік еткен қала тұрғындары да болды. Олардың бірі – «Қазақстан» шахтасының конвейерлік көлік учаскесінің инженер-энергетигі Қайрат Елеусізов. Ол бұқаралық велошеруге тұрақты түрде қатысып келеді.
– Қарағандыдан Теміртауға дейінгі 30 шақырым біз үшін үлкен қашықтық емес. Кеншілер астанасынан металлургтерге сәлем жолдаймыз. Еңбек пен спортты қатар алып жүруге болады. Ең бастысы – денсаулық мықты болсын, – дейді ол.
Ал «Ленина» шахтасының комбайнері Александр Чернышёв үшін бұл – алғашқы велошеру.
– Шахтада жұмыс істегеніме 12 жыл болды. Биыл алғаш рет қатысып отырмын. Досым шақырған соң келдім. Барша кеншілерді мерекемен құттықтаймын. Ең басты тілегім – еңбегіміз әрдайым қауіпсіз болсын, – дейді ол.
Велошеруге қатысқан Эдуард Гроссул үшін бұл күннің орны бөлек. Өйткені оның әкесі мен атасы да кенші болған.
– Менің әкем де, атам да шахтада еңбек еткен. Сондықтан кеншілер күні мен үшін ерекше мереке. Баршаңызға зор денсаулық пен бақыт тілеймін. Спортты серік етіп, денсаулықты күтіңіздер, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайынғы велошеру тек спорттық сайыс емес, әріптестер мен қала тұрғындарын біріктіретін дәстүрлі шараға айналып келеді. Биыл қатысушылардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінді. Бағыт бойында патрульдік полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем мамандары кезекшілік атқарды.
– Өткен жылы маршрут Шахтинск қаласына дейінгі бағытты қамтыған еді. Биыл Қарағанды – Теміртау бағытын таңдадық. Сондықтан қатысушылардың қызығушылығы жоғары болды, – дейді «Qarmet» АҚ өндірістік жүйені дамыту жөніндегі директоры Евгений Хицко.
Шараның негізгі мәні де осында. Велосипед тізгіндеген 250-ге жуық адам бір күнде 30 шақырым жол жүріп қана қойған жоқ. Олар Қарағанды мен Теміртаудың өндірістік тағдырын жалғайтын символдық бағытты еңсерді.
Көмір кенжарынан басталған жолдың домна пешіне дейін жалғасуы – өңірдің өндірістік тарихындағы сабақтастықтың көрінісі. Бірі жер қойнауынан қара алтын өндірсе, екіншісі сол шикізатты ел экономикасына қажетті өнімге айналдырады.
Кеншілер күніне орай өткен велошеру осылайша салауатты өмір салтын насихаттаған спорттық мерекеден бөлек, еңбек адамын ұлықтайтын, екі индустриялық қаланың байланысын айшықтайтын мазмұнды шараға айналды.
Фото: t.me/qarmet_news
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

