Қарағандыда әлеуметтік қолдаудың жаңа тетігі іске қосылды
Қарағанды қаласында әлеуметтік қолдау шараларын жетілдіруге бағытталған маңызды пилоттық жоба жүзеге асып жатыр. Жоба аясында оңалтудың техникалық құралдарын жөндеу, дезинфекциялау және қайта пайдалануға беру жүйесі қалыптасуда. Бұрын қолданыста болған мүгедектігі бар адамдарға арналған арбалар, балдақтар, таяқтар мен жүріп-тұруға арналған құралдар жарамдылығына қарай қайта қалпына келтіріліп, мұқтаж азаматтарға ұсынылады. Бұл бастама әлеуметтік қолдау сапасын арттырып қана қоймай, мемлекеттік қаражатты тиімді пайдалануға және тұрғындардың қажетті құралды ұзақ күтпеуіне мүмкіндік береді.
Қарағанды қаласында іске қосылған жаңа қызметтің негізгі мақсаты – оңалтудың техникалық құралдарын пайдалану мерзімі ішінде олардың жарамдылығын сақтап, азаматтарға үздіксіз қолдау көрсету. Бұған дейін мүгедектігі бар азаматтардың арбасы немесе басқа да қозғалыс құралдары істен шыққан жағдайда жөндеу шеберін өздері іздеуге немесе жаңа құрал алуға өтінім беруге тура келетін. Енді мұндай мәселелерді арнайы мамандар шешеді.
Күнделікті қолданыста арбаның дөңгелегі, подшипнигі, шинасы немесе отырғышы сияқты бөлшектердің тозуы жиі кездеседі. Мұндай ақау адамның қозғалысын қиындатып, кей жағдайда оны қажетті құралсыз қалдыруы мүмкін. Қарағанды қаласында ұйымдастырылған жаңа қызмет осы мәселені жедел шешуге мүмкіндік беріп отыр.
«Бұрын автосервистерге, шиномонтаждағы шеберлерге баратын немесе өз қолымен ауыстыратын. Ал қазір барлық жұмыс мамандандырылған жерде жүргізіледі. Бұл қызметтердің барлығын, әрине, тегін жасаймыз», – деді техник Ермек Жетпісов.
Маман арбаларды жөндеу бойынша арнайы оқытудан өтіп, қазіргі таңда техникалық құралдардың жағдайын тексеріп, қажетті бөлшектерін ауыстыру жұмыстарын жүргізуде. Яғни азаматтарға жаңа құрал сатып алғанша күту немесе жеке қаражатына жөндету қажеттілігі азаяды.
Қарағанды қаласының пилоттық жобаға енуі де осы бағыттағы жұмыстың маңызын көрсетеді. Жоба оңалтудың техникалық құралдарын тиімді пайдалану және оларды қайта айналымға енгізу қағидатына негізделген. Егер азамат бес жылдық пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін алған арбасына жөндеу, дезинфекция немесе техникалық қызмет көрсету қажет болса, тиісті жұмыстарды осы жүйе арқылы жүргізуге болады.
«Оңалтудың техникалық құралдарын қайтару моделі бойынша жоба іске асырылып жатыр. Егер адам бес жыл ішінде арба алып, ол арба сынып қалса немесе дезинфекциялық өңдеу, дөңгелегін үрлеу сияқты жұмыстар қажет болса, оны жөндеуге мүмкіндік беріледі. Пилоттық жоба құралды ауыстыру мерзімі аяқталғанға дейін жөндеуге және дезинфекциялауға жағдай жасайды. Былайша айтқанда, арбаға толық техникалық қызмет көрсетіледі», – деді Әлеуметтік қорғау саласын дамыту орталығының ғылыми қызметкері Дарын Әубәкіров.
Жобаның тағы бір маңызды артықшылығы – азамат арбасын жөндеуге тапсырған кезде қозғалыс құралынсыз қалмайды. Жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан немесе қажетті рәсімдер аяқталған кезеңде уақытша техникалық құрал беріледі. Бұл әсіресе күнделікті жүріп-тұруы арбаға тікелей байланысты азаматтар үшін маңызды.
Сонымен қатар орталықта арнайы комиссия жұмыс істейді. Мамандар істен шыққан құралдың техникалық жағдайын бағалап, оны жөндеудің тиімділігін анықтайды. Егер жөндеу құны жаңа техникалық құралдың бағасының 50 пайызынан асып кетсе, оны жаңасына ауыстыру туралы ұсыныс жасалады. Осылайша әр жағдай жеке қаралып, азаматқа қажетті әрі қауіпсіз құралды ұсынуға мүмкіндік бар.
Оңалту құралын таңдауда медициналық көрсеткіштер де ескеріледі. Мамандар азаматтың дене ерекшеліктерін анықтап, қажетті техникалық құралды соған сәйкес іріктейді.
«Бізде реабилитолог пен невропатолог кіретін дәрігерлер тобы жұмыс істейді. Тексеру жүргізіп, антропометриялық деректерді анықтаймыз, яғни адамның бойын, дене өлшемдерін есепке аламыз. Осы мәліметтердің негізінде қолымызда бар техникалық құралдардың ішінен азаматқа ең қолайлысын таңдаймыз», – деді дәрігер-реабилитолог Юлия Доможирова.
Қарағанды қаласындағы орталықтың жұмыс істеп келе жатқанына әзірге бір жарым айдай ғана уақыт болғанына қарамастан, қызметке қызығушылық жоғары. Бірқатар қала тұрғыны пилоттық жоба туралы SMS хабарлама арқылы біліп, өздерінің оңалту құралдарын жөндетуге жүгінген.
«Жолдасыма 1414 қызметінен пилоттық жоба туралы SMS келді. Арбаның мерзімі жақындап, тозығы жеткендіктен жаңа арба алдық, содан кейін осы жерге келдім. Көбіне ауыстыруға тура келеді. Әдетте бізде шинасы мен отырғышы тозады, өйткені көлікке жинап салғанда, тасымалдау кезінде бүлініп жатады», – деді қала тұрғыны Мөлдір Шақарман.
Жаңа жүйе әлеуметтік қолдау шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұған дейін мемлекет жаңа техникалық құрал сатып алуға қаражат бөлсе, енді оның қолданыстағы мерзімі ішінде жарамдылығын сақтауға, жөндеуге және қайта пайдалануға басымдық берілуде. Бұл бір жағынан бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға мүмкіндік берсе, екінші жағынан азаматтардың қажетті құралды ұзақ уақыт күтуіне жол бермейді.
Қарағанды қаласында жүзеге асып жатқан пилоттық жобаның нәтижелері алдағы уақытта жан-жақты сараланбақ. Оң нәтиже көрсеткен жағдайда тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне де енгізу жоспарланып отыр. Осылайша бұрын пайдаланылған оңалту құралдары кәдеге жаратылмай, қайта жөнделіп, мұқтаж жандарға қызмет ететін болады. Ең бастысы – бұл бастама мүгедектігі бар азаматтардың қозғалыс еркіндігін сақтап, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

