DosStar-2026: Қарағанды сахнасында – музыкалық өнер мерекесі

Қарағандыда дәстүрлі Оперетта және мюзиклдің ашық халықаралық DosStar фестивалі биыл 15-ші рет өтеді. Өнер мерекесі 17–20 қыркүйек аралығында ұйымдастырылып, төрт күн бойы көрерменге түрлі музыкалық қойылымдар мен концерттік бағдарламалар ұсынады.

Осы жылдар ішінде DosStar фестивалі өңірдің мәдени өміріндегі маңызды шаралардың біріне айналды. Биылғы бағдарламаға Қазақстан мен Ресей театрларының музыкалық қойылымдары енгізілсе, фестивальдің дәстүрлі гала-концертінде Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армениядан келген өнерпаздар өнер көрсетеді.

Фестиваль шымылдығы 17 қыркүйек күні сағат 18:30-да Кеншілер мәдениет сарайында түріледі. Алғашқы кеште Санкт-Петербург мемлекеттік музыкалық комедия театры венгр композиторы Енё Хусканың әйгілі «Баронесса Лили» опереттасын ұсынады. Қойылым көрерменге әсем әуен, жеңіл әзіл мен махаббат хикаясын ұштастырған қызықты оқиғасымен жол тартады.

Спектакльге Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі Валентина Кособуцкая да қатысады. Өнер иесі Қарағанды көрерменіне жақсы таныс. Ол фестиваль аясындағы кездесудің өнерпаздар үшін де, көрермендер үшін де ерекше боларына сенім білдірді.

18 қыркүйекте фестиваль бағдарламасын Солтүстік Қазақстан облысының өнерпаздары жалғастырады. Ақан сері атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының камералық хоры «Мәңгілік» би ансамблімен бірге «Менің сұлу ханымым» мюзиклінен үзінділер орындайды. Қойылым Кеншілер мәдениет сарайында сағат 18:30-да басталады.

Ал 19 қыркүйекте сағат 17:00-де Қарағанды музыкалық комедия театрының Қызыл залында JAZZ FLOWERS музыкалық кеші өтеді. Бағдарламада джаз әуені, мюзиклдің жарқын бояуы және хор өнері тоғысады. Кешті Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры ұсынады.

Фестивальдің төртінші күні, 20 қыркүйекте, дәстүрлі гала-концерт өтеді. Сағат 17:00-де Кеншілер мәдениет сарайының сахнасында Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армениядан келген өнерпаздар Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының әртістерімен бірге өнер көрсетеді.

Гала-концерттің алғашқы бөлімінде классикалық оперетталар мен музыкалық комедиялардың таңдаулы нөмірлері ұсынылса, екінші бөлім мюзикл мен джазға арналады.

Осылайша, XV DosStar фестивалі төрт күн бойы Қарағанды көрерменіне классикалық және заманауи музыкалық өнердің үздік үлгілерін ұсынып, мерейтойлық маусымын мазмұнды бағдарламамен атап өтпек.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»