Бұқар жырау ауданында телемедицина қалай дамып келеді
Бұқар жырау ауданының тұрғындарына белгілі бір дәрігердің кеңесін алу үшін Қарағандыға арнайы барудың қажеті жоқ. Енді облыстық клиникалардың бейінді мамандарынан қашықтан медициналық кеңес алуға мүмкіндік бар.

Қазір телемедициналық кешендер 22 елді мекенде жұмыс істейді. Тағы бес ауылда тұрақты интернет мәселесі шешілгеннен кейін осындай кешендер іске қосылады.

Кеңес берудің негізгі бөлігін аудандық аурухананың дәрігерлері жүргізеді. Ал пациентке бейінді маманның көмегі қажет болған жағдайда, консультацияға облыстық кардиоорталықтың, облыстық аурухананың, онкологиялық диспансердің және балалар облыстық ауруханасының дәрігерлері қосылады.

— Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін ауруханаға барып-қайту — қосымша шығын. Оның үстіне алғашқы консультация көбіне жалпы сипатта өтеді. Дәрігер пациентке УДЗ, рентген, КТ, МРТ немесе басқа да тексерулерден өтуді ұсынуы мүмкін. Нәтижелерін алғаннан кейін пациент маманға қайтадан қашықтан жүгіне алады. Тек бетпе-бет тексеру қажет болған жағдайда ғана қабылдауға жіберіледі, — дейді Бұқар жырау аудандық ауруханасының басшысы Қуандық Мұстафин.

Бұл форматтың тағы бір маңызды артықшылығы бар: онлайн-консультация кезінде пациенттің жанында учаскелік дәрігер болады. Жергілікті дәрігер науқасты тікелей бақыласа, бейінді маман облыс орталығынан байланысқа шығады. Бұл әсіресе күрделі жағдайларда маңызды. Дәрігерлер пациенттің жағдайын, тексеру нәтижелерін және әрі қарайғы емдеу тактикасын бірлесіп талқылай алады.

Телемедицина қашықтықты қысқартуға мүмкіндік бергенімен, жергілікті дәрігерді толық алмастыра алмайды. Сондықтан ауданда кадр мәселесін шешу жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Биыл аудандық ауруханаға кардиолог, невропатолог және эндокринолог мамандар тартылды. Жаңа дәрігерлерге көтерме жәрдемақы, қызметтік тұрғын үй немесе жалға алған баспанасын төлеуге өтемақы қарастырылған.

Ауданға көшіп барып, жұмыс істеуге шешім қабылдаған мамандардың бірі — Талғат Балтабаев.
— Жұмыс істеуге шақырту бойынша келдім. Мамандығым — эндокринолог, невропатолог және терапевт. Ауданда өмір сүруге де, жұмыс істеуге де барлық қажетті жағдай жасалған. Маған жалдамалы тұрғын үй берілді, жалақым да жақсы, — дейді дәрігер.

Ауданға тек дәрігерлер ғана келіп жатқан жоқ. Көршілес облыстан жалпы практикадағы медбике Фариза Аймолдина да осында қоныс аударған.
— Маған бәрі бірден ұнады: аудан да, адамдары да, жағдайы да. Балаларымды мектепке және балабақшаға орналастырдым. Қажетті нәрсенің бәрі жақын жерде: спорт мектебі бар, қызым биге қатысып, жаттығуға барып жүр. Қазір амбулатория жанындағы дәріханада жұмыс істеймін, — дейді Фариза.

Ультрадыбыстық диагностика дәрігері Сабина Мамырова да осыдан бір апта бұрын Астанадан Ботақараға көшіп келіп, бірден жұмысқа кірісті. Бұл аудандық аурухана үшін аса қажет маман. Өйткені бұған дейін мұнда штатта УДЗ дәрігері болмаған.
— Тәжірибе жинақтағым келгендіктен ауылда жұмыс істеу туралы шешім қабылдадым. Бұл ауруханада УДЗ бойынша өз маманы болмаған екен. Мұнда жұмыс істеуге барлық қажетті жағдай жасалған. Аурухана басшылығының қолдауын сезінемін. Жас мамандарға да жақсы жеңілдіктер қарастырылған, — дейді Сабина Мамырова.

Телемедицинаны дамыту және білікті мамандарды тарту ауыл тұрғындарына тұрғылықты жерінде қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік беріп отыр.
