Қарқаралы полициясында заманауи Жедел басқару орталығы іске қосылды
Қарқаралы ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған заманауи Жедел басқару орталығы жұмысын бастады. Орталыққа аудан аумағындағы мыңдаған бейнебақылау камерасы қосылып, полиция қызметкерлеріне көшелермен қатар, білім беру ұйымдары мен балабақшалардағы қауіпсіздікті бір жерден бақылауға мүмкіндік берді.
Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жанат Қақажанов Қарқаралы ауданына жұмыс сапары барысында жаңадан іске қосылған Жедел басқару орталығының жұмысымен танысты.
Облыс орталығынан 220 шақырым қашықта орналасқан Қарқаралы – табиғаты көркем, туристік әлеуеті жоғары өңір. Ауданда 40 мыңға жуық тұрғын тұрады. Мұнда қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу полиция қызметінің негізгі міндеттерінің бірі.
Осы бағытта Қарқаралы аудандық полиция бөлімінде заманауи талаптарға сай Жедел басқару орталығы іске қосылды. Оның жұмысына аудандық прокуратура мен жергілікті атқарушы орган өкілдері де танысты.
Қазіргі таңда Жедел басқару орталығына аудан орталығында орналасқан 2 541 бейнебақылау камерасының 954-і қосылған.
Сонымен қатар аудандағы 42 білім беру ұйымындағы 898 камераның 601-і және 4 балабақшадағы 125 бейнебақылау камерасы орталықтың жүйесіне енгізілген.
Бұл полиция қызметкерлеріне аудан орталығындағы криминогендік ахуалды тұрақты бақылаумен қатар, білім беру ұйымдары мен мектепке дейінгі мекемелердегі қауіпсіздік жағдайын да жедел бақылауға мүмкіндік береді.
Бейнебақылау жүйесінің тиімділігі қазірдің өзінде байқалуда.
«Жедел басқару орталығының бейнебақылау камералары іске қосылғалы бері 40-тан астам құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, бірқатар қылмыстың беті ашылды. Бұл – аудан орталығында заң мен тәртіпті қамтамасыз етіп, құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік беретін маңызды құрал», – деді Қарқаралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Бекұлан Ташмағанбетов.
Жедел басқару орталығының тағы бір ерекшелігі – дроннан түсірілген бейнежазбаны онлайн режимде бақылау мүмкіндігі.
Бұл мүмкіндік әсіресе көлікпен жету қиын таулы аумақтарда іздестіру жұмыстарын жүргізу, жоғалған адамдарды іздеу, сондай-ақ заңсыз қоқыс орындарын анықтау кезінде тиімді пайдаланылмақ.
Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахымбергеновтің айтуынша, өңірге келетін туристер санының артуына байланысты қауіпсіздік мәселесіне де ерекше мән берілуде.
«Қарқаралы – туристік әлеуеті жоғары өңір. Мұнда еліміздің әр аймағынан көптеген демалушылар келеді. Кейде тауға шыққан азаматтардың адасып қалатын жағдайлары да кездеседі. Сондықтан дроннан түсірілген бейнежазбаны Жедел басқару орталығынан онлайн бақылау мүмкіндігінің пайда болғаны қуантады. Қажет болған жағдайда төтенше жағдай кезінде аумақтағы ахуалды осы орталық арқылы бақылауға болады. Осыған байланысты алдағы уақытта полиция бөліміне қосымша дрон алу мәселесін қарастырып жатырмыз», – деді қала әкімі.
Жұмыс сапары барысында Жанат Қақажанов Жедел басқару орталығының техникалық мүмкіндіктерімен танысып, оның жұмысын одан әрі жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар берді.
Полиция департаменті бастығының орынбасары бейнебақылау жүйесінде қолданылып отырған жасанды интеллект технологияларының санын арттыруды тапсырды.
Қазірдің өзінде жасанды интеллект элементтері бар камералар құқық бұзушылық белгілерін анықтауға және полиция қызметкерлерінің оқиғаға жедел ден қоюына мүмкіндік беріп отыр. Мұндай технологиялардың санын көбейту бейнебақылау жүйесінің тиімділігін арттырып, полицияның алдын алу жұмыстарын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Жанат Қақажанов сондай-ақ Жедел басқару орталығына қосылған бейнебақылау камераларының санын кезең-кезеңімен арттырып, ауданның қауіпсіздік жүйесін заманауи цифрлық технологиялармен одан әрі күшейтуді тапсырды.
Қарқаралыдағы Жедел басқару орталығы – «Заң мен тәртіп» қағидатын қамтамасыз етуге бағытталған заманауи цифрлық шешімдердің бірі. Оның мүмкіндіктерін кеңейту арқылы полицияның құқық бұзушылықтың алдын алу, қылмысты жедел анықтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары одан әрі күшейтілмек.
Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі

