Судағы сақтық – қауіпсіз демалыс кепілі
Қарағандыда судағы қауіпсіздік мәселесі жазғы маусымда ерекше бақылауда. Жыл басынан бері қала аумағындағы су айдындарында үш адам суға кетіп, қаза болған. Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі шомылуға арналмаған жерлерде тіркелген. Осыған байланысты құтқарушылар тұрғындарға судағы қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын тұрақты түрде түсіндіріп келеді.
Фёдоров су қоймасында суға түсушілер көп жиналатын аумақта профилактикалық акция ұйымдастырылды. «Құқық бұзушылықтардың алдын алу айлығы» аясында өткен шараға төтенше жағдайлар қызметі, полиция, өрт сөндірушілер, жедел-құтқару жасағы, аудан әкімдігі мен прокуратура өкілдері қатысты.
Мамандар демалушылармен кездесіп, судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Әсіресе шомылуға арналмаған және арнайы белгіленбеген жерлерде суға түсудің қауіпті екеніне назар аударылды. Мұндай аумақтарда су түбінің жағдайы, тереңдігі мен қауіпті учаскелер алдын ала тексерілмеген болуы мүмкін.
Акция барысында ата-аналарға балаларды су маңында қараусыз қалдырмау, алкогольдік ішімдік ішіп алып суға түспеу және қауіпсіздік белгілерін елемеуге болмайтыны ескертілді. Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету жолдары түсіндіріліп, құтқару құралдарын пайдалану тәсілдері көрсетілді. Тұрғындарға қауіпсіздік талаптары жазылған жадынамалар да таратылды.
Құтқарушылардың айтуынша, судағы қауіпсіздікке немқұрайлы қарау әлі де өзекті мәселе. Әсіресе аптап ыстықта тұрғындар арнайы жабдықталған жағажайлардың орнына кез келген су айдынына баруы мүмкін. Алайда қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін мұндай жерлерде шомылу өмірге қауіп төндіреді.
– Ең бастысы – азаматтардың қауіпсіздік талаптарын сақтауы. Суға тек арнайы жабдықталған жерлерде түсу керек. Әсіресе балаларды қараусыз қалдырмау маңызды. Алкоголь ішіп алып суға түсуге болмайды. Қауіп туындаған жағдайда бірден құтқару қызметіне хабарласу қажет. Мұндай шаралардың мақсаты – тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін жай ғана ескерту емес, оның маңызын нақты түсіндіру. Біз құтқару құралдарын көрсетіп, төтенше жағдайда қалай әрекет ету керектігін айтып жатырмыз. Профилактикалық жұмыстар жаз бойы жалғасады, – деді Қарағанды облысы ТЖД сүңгуір-құтқару бөлімшесінің бастығы Владимир Гаврильбков.
Маман тұрғындарды суға түсу кезінде барынша сақ болуға шақырды. Оның айтуынша, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау қайғылы жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жазғы демалыстың қауіпсіз өтуі әр адамның жауапкершілігіне байланысты. Сондықтан су айдындарында белгіленген тәртіпті сақтап, шомылуға рұқсат етілмеген жерлерге бармаған жөн. Әсіресе балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажет. Суда сақтық таныту – қайғылы жағдайдың алдын алудың ең тиімді жолы.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

