Саябақтағы сергектік: йогаға сұраныс артты
Қарағандының Орталық саябағында ұйымдастырылатын тегін топтық йога сабақтары тұрғындар арасында танымалдылыққа ие болып келеді. Аптасына екі рет қала тұрғындары саябақтағы көгалға жиналып, нұсқаушының жетекшілігімен жаттығу жасап, тыныс алу тәсілдерін меңгеріп, күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт арылуға мүмкіндік алады.
Қала жұмыс күнінен кейін қарбаласқа түсіп жатқанда, Орталық саябақта уақыт баяулағандай әсер қалдырады. Әр сәрсенбі сайын ондаған қарағандылық кеңсе киімдерін спорттық киімге ауыстырып, саябаққа жаттығуға келеді. Мұндағы мақсат – тек дене шынықтыру емес, көңіл күйді көтеріп, бойды сергіту. Еленаны саябақтағы йога сабағына қызы ертіп келген. Содан бері ол бұл жаттығуларды тұрақты түрде жасап жүр.
«Бүгін мүлде әлім құрып келдім, жөтел қысып, шалқамнан ұзақ жата алмадым. Бірақ ауырсынуларым басылып қалды, жаттықтырушылар да керемет жігіттер! Бұл жаттығуларды жаздың басынан бері әкімдік немесе біреу ұйымдастырып жатыр деп ойлаймын. Негізінен жастар көп, жастар спортты сүйеді. Ал біз сияқты жасы үлкен адамдарға осындай қамқорлық жасалып жатқаны өте жағымды», – дейді қала тұрғыны Елена Малышева.
Саябақтағы тегін жаттығулар өткен жылдан бері өткізіліп келеді. Жоба тұрғындардың белсенді демалысын ұйымдастырып, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Саябақтар басқармасының қолдауымен жүзеге асып жатқан бастамаға жасы мен дене дайындығы әртүрлі адамдар қатысады. Ең кіші қатысушы – 15 жаста болса, ең үлкені 80 жастан асқан. Сабаққа қатысу үшін арнайы дайындықтың қажеті жоқ. Ыңғайлы киім, төсеніш пен су алып келсе жеткілікті.
«Осы жаттығуларға тап болғаныма өте қуаныштымын. Қалалық саябақтағы йога үшін әкімшілікке, қаламызға алғыс айтамын! Бұл үлкен қуат, денсаулық пен көтеріңкі көңіл күй сыйлайды. Әлі жаңбыр мен батпақ басталмай тұрғанда келіп жатырмыз», – дейді қала тұрғыны.
Қатысушылардың айтуынша, йога денені шынықтырып қана қоймай, босаңсуға және күнделікті қарбаластан арылуға көмектеседі. Оның үстіне сабақтардың тегін өткені тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік.
«Физикалық белсенділік, бұлшықеттерді шынықтыру және босаңсыту, сонымен қатар денеңді сезіне бастайсың. Осының бәрі тегін екені қуантады, саябақ орын бөліп берді. Әрі жаттығу аптасына екі рет болғандықтан, күн өте ысып кеткенде қорғанатын баспана қойса тіпті керемет болар еді», – дейді Анна есімді қала тұрғыны.
Жаттығуларды тәжірибелі йога нұсқаушылары сәрсенбі күні сағат 19:00-де, ал жексенбі күні таңғы сағат 8:00-де өткізеді. Сабақ барысында қатысушылар денені шынықтыру жаттығуларымен қатар, тыныс алу әдістері мен медитация элементтерін де орындайды.
«Мұнда нағыз дүрбелең болып жатыр! Йога бойынша тегін шеберлік сабақтарында денсаулықты жақсартатын тыныс алу жаттығуларын, медитация өткіземіз. Биыл бәрі өте белсенді қатысуда», – дейді жаттықтырушы Жеңісбек Қонқаев.
Жеңісбек мамандығы бойынша теміржолшы. Бір кездері өз саласында жұмыс істеген ол қазір жеке кәсіпкер. Йогамен айналыса бастағаннан кейін бұл бағытқа қызығушылығы артып, бүгінде өзі де тұрғындарға сабақ беріп жүр.
Оның айтуынша, йогаға көбіне әйелдер қатысқанымен, мұндай жаттығулар ер адамдарға да пайдалы. Себебі бұл тәжірибе тек денені шынықтыруға емес, адамның ішкі күйін реттеуге де бағытталған.
«Көбіне әйелдер келеді. Негізінен йога бастапқыда ер адамдарға арналған дәстүрлі практика болған. Бірақ ТМД елдерінде немесе біздің елде ментальды әрі мәдени тұрғыда әйелдер көп барады. Негізі ер адамдарға да бұнымен айналысқан өте пайдалы», – дейді Жеңісбек Қонқаев.
Жаттықтырушының айтуынша, тұрақты жаттығу адамның денесін шынықтырып қана қоймай, стрессті жеңуге, ойды жинақтауға және күнделікті өмірдегі белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Саябақтағы тегін йога сабақтары ауа райы қолайлы болғанша жалғасады. Осылайша, Қарағандының Орталық саябағы тұрғындар үшін серуендейтін орын ғана емес, денсаулықты нығайтып, тынығып, жаңа күш жинайтын ашық аспан астындағы спорт алаңына айналып келеді.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

