Гомер кейіпкерлері Қазақстанда да өмір сүреді
Кристофер Ноланның «Одиссея» фильмінің премьерасы көне грек мифологиясына деген қызығушылықты қайта жандандырды. Осыған орай журналистер Қазақстандағы антикалық есімдерге назар аударып, елде мифологиялық кейіпкерлердің есімін иеленген азаматтар бар екенін анықтады.
Мәселен, Қазақстанда 1322 Афина тіркелген. Олардың басым бөлігі әйелдер, алайда бұл есімді иеленген бір ер адам да бар. Ол – Қарағанды облысының тұрғыны. Афина есімі ең көп Алматыда кездеседі – 348 адам. Қарағанды облысында бұл есімді 158 әйел иеленген.
Антикалық есімдер арасында Атлас та бар. Қазақстанда бұл есімді 124 адам иеленеді. Ерлерге де, әйелдерге де қойылатын есімдердің бірі осы.
Ал үшінші орында Дионис тұр. Ел бойынша 83 адам осындай есіммен тіркелген. Олардың басым бөлігі – кәмелетке толмағандар.
Гомердің әйгілі эпосындағы кейіпкерлердің есімдері де қазақстандықтар арасында кездеседі. Елде 30 Одиссей, 33 Гектор бар. Гекторлардың төртеуі Қарағанды облысында тұрады. Ал Қазақстанда әзірге жалғыз Пенелопа бар. Ол – Ақмола облысының тұрғыны.
Қарағанды өңірінде антикалық есімдердің өзге де түрлері кездеседі. Мұнда Зевс, Андромеда, Аполлон, Ясон есімді азаматтар бар. Ал Геракл есімді бір ғана адам Қазақстан бойынша Қарағанды облысында тіркелген.
Статистика қазақстандықтардың балаға есім таңдауда дәстүрлі нұсқалармен ғана шектелмейтінін көрсетеді. Кино, әдебиет пен әлемдік мәдениеттің ықпалы ерекше есімдердің өмірге келуіне де әсер етіп отыр. Ал Қарағанды облысындағы жалғыз Геракл мен төрт Гектордың есімі бұл үрдістің өңірде де бар екенін аңғартады.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

