Әуе шебінде – 25 жылдық жауынгерлік жол

Қарағандыда Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіров атындағы Қарағанды авиациялық базасының құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты шара өтті. Ширек ғасыр ішінде әскери бөлім елдің әуе кеңістігін қорғау міндетін абыроймен атқарып, кәсіби білімі мен жауынгерлік даярлығын ұдайы жетілдіріп келеді.

Мерейтойлық жиынға Әуе қорғанысы күштері Әскери-әуе күштерінің қолбасшысы, авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов, авиациялық базаның бұрынғы командирлері, Қарулы күштердің ардагерлері, әскери қызметшілер және олардың отбасы мүшелері қатысты.

Салтанатты шара әскери сап түзеп, Әскери туды шығару рәсімінен басталды. Одан кейін жеке құрам саптық шерумен өтті. Құттықтау сөзінде авиация генерал-майоры Асқар Ізбасов авиабазаның ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызын атап өтті.

– 25 жыл – бірнеше буын әскери қызметшілерінің тарихы. Бұл датаның артында мыңдаған сағаттық қызмет, ұшқыштардың, инженерлік-техникалық құрам мен ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мамандардың жоғары кәсіби шеберлігі тұр. Осы жылдар ішінде авиабаза еліміздің әуе шекарасын сенімді қорғау сияқты маңызды міндетті абыроймен атқарып келеді, – деді қолбасшы.

 

Ширек ғасырлық тарих

Қарағанды авиациялық базасының тарихы 2001 жылғы 16 тамыздан басталады. Сол күні алғашқы ұшақтар «Жаңа Семей» аэродромынан Қарағандыдағы «Сарыарқа» аэродромына ұшып келді. Ал 18 қыркүйекте жеке құрам еліміздің әуе шекарасын қорғау бойынша тәулік бойы жауынгерлік кезекшілікке кірісті.

2002 жылы әскери бөлімге аты аңызға айналған жерлес ұшқыш, Кеңес Одағының Батыры Нұркен Әбдіровтің есімі берілді.

Одан бері авиабаза талай белесті артқа тастады. Әскери бөлімнің материалдық-техникалық базасы жетілдіріліп, жеке құрамның кәсіби даярлығына қойылатын талаптар күшейді. Авиациялық техниканың жаңа үлгілерін меңгеру де әскери қызметшілердің кәсіби шеберлігін шыңдауға мүмкіндік берді.

Солардың бірі – заманауи көпфункционалды Су-30СМ жойғыш ұшақтарының қару-жарақ құрамына қабылдануы. Жаңа техниканы игеру ұшу құрамынан ғана емес, инженерлік-техникалық мамандардан да жоғары дайындықты талап етті.

 

Дәстүр жалғасып келеді

Мерейтойлық шара аясында әскери қызметшілердің отбасыларына арналған Ашық есік күні ұйымдастырылды. Жасөспірімдер жауынгерлік ұшақтарды жақыннан көріп, авиациялық техниканың ерекшеліктерімен танысты. Бұл – өскелең ұрпақтың әскери қызметке деген қызығушылығын арттырып, Отан қорғаудың маңызын түсіндіруге бағытталған тағылымды шара болды.

Мерекелік бағдарлама Достық үйінде жалғасты. Мұнда әскери қызметшілерге кезекті әскери атақтар табысталып, қызметте ерекшеленген жеке құрам өкілдері марапатталды. Авиабазаның қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ардагерлер мен бұрынғы командирлерге де құрмет көрсетілді.

Салтанатты кеш концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Шара барысында авиабазаның негізін қалаған аға буын өкілдері мен оның бүгінгі дәстүрін жалғастырып келе жатқан жас әскери қызметшілер бір ортада бас қосты.

Ширек ғасыр ішінде Қарағанды авиациялық базасы Қазақстанның әуе кеңістігін қорғау жүйесінің маңызды буынына айналды. Оның тарихы – әскери борышқа адалдықтың, кәсіби шеберліктің және ұрпақтар сабақтастығының тарихы. Бүгінде осы дәстүрді жалғастырған әскери қызметшілер ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметін абыроймен атқарып келеді.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»