Ел тарихындағы маңызды күн

Мемлекеттік басқару жүйесінің басты мақсаты елдің тұрақты дамуына негізделетінін ескере отырып, заманауи және халық мүддесі үшін тиімді институттардың қалыптасуын заңды құбылыс деп білеміз. Биылғы жылы ел тарихындағы басты өзгеріс орын алғалы тұр, яғни Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту мақсатында жаңа институт – Құрылтай құрылмақ.

Құрылтай қазақтың бағзы тарихынан сыр шертетін, ел жадынан еш өшпеген қасиетті ұғым, баға жетпес аманат. Құрылтай атауы – Ұлы Даланың өмірінде әрдайым қолданыста болған. Алаш арыстарының еңбектерінде Құрылтай сөзін парламент ұғымында қолданғанына куәміз. Тарих беттерінде көптеген Құрылтай өтіп, олардың нәтижесінде ел тағдырына тікелей әсері болғанын, толағай жеңістер мен ел мүддесі қорғалған көптеген тарихи оқиғалар болғаны ақиқат. Құрылтайдың қалыптасуы халық пен мемлекет арасындағы байланыстың нығайып, азаматтардың ел басқару ісіне қатысу мүмкіндігін береді. Бүгінде қоғамның сұранысы мен мемлекеттен күтетін үміті де жоғары. Халықты толғандыратын маңызды мәселелерді көтеріп, олардың шешілуіне ықпал ету – жаңа Құрылтайдың негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.

Осы орайда, тамыз айының 23 жұлдызында өтетін сайлауға қатысу – еліміздің әр азаматы үшін маңызды мүмкіндік. Сайлаушылардың азаматтық белсенділігі сайлау процесінің сапасына тікелей әсер ететінін ұмытпағанымыз жөн.

Алдағы сайлаудың маңызы орасан зор. Бұл күні тек депутаттар таңдалып қана қоймай, жаңа заң шығару институтының қалыптасуының саяси кезеңі басталып, тұрақты әрі әділетті қоғам құру жолында тарихи қадам жасалмақ.

 

Хамзина К.М., Нуржанова К.К.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті