Қарағандыда ерекше аялдама пайда болды

Қарағандыда қоғамдық көлік тарихын жаңғыртатын ерекше нысан пайда болды. Асфальтная көшесінде, №3 автобус паркінің маңында бұрын жолаушылар тасымалдаған автобус енді аялдама павильоны ретінде қала тұрғындарына қызмет етпек.

Ерекше аялдаманың басты ерекшелігі – оның негізінде 2011 жылы шығарылған нағыз автобус пайдаланылған. Бірнеше жыл бойы №3 автобус паркінде жолаушыларға қызмет көрсеткен көлік енді жаңа міндет атқаратын болды. Бір кездері қала көшелерінде тұрғындарды діттеген жеріне жеткізген автобус бүгін сол тұрғындар аялдап, көлік күтетін орынға айналды.

Бұл – пайдаланудан шыққан қоғамдық көлік құралын кәдеге жаратып қана қоймай, оған жаңа тыныс берген тың шешім. Осылайша, техниканы толық есептен шығарып тастамай, қоғамдық көлік тарихының бір бөлшегін сақтап қалуға мүмкіндік туған.

Қазіргі таңда аялдаманы жабдықтау жұмыстары аяқталған. Мұнда жарықтандыру жүйесі орнатылып, маршруттық көрсеткіш қойылған. Нысанның сыртқы безендіру жұмыстары да дайын.

Жаңа аялдама бірден тұрғындардың назарын аударып үлгерген. Қала тұрғыны Медина Мерхатқызы мұндай идеяның ерекшелігін атап өтті.

«Бірден назар аудардым. Басында кәдімгі автобус тұр деп ойладым, кейін оның аялдама ретінде жасалғанын түсіндім. Маған бұл идея ұнады. Себебі ескі автобусты жай ғана есептен шығарып тастамай, оған жаңа өмір сыйлап отыр. Қарағандыда осындай ерекше әрі есте қалатын орындар көбейсе жақсы болар еді. Әсіресе балаларға қызық деп ойлаймын. Бұл әрі қоғамдық көлік тарихын көрсетеді, әрі қаланың өзіндік ерекшелігін қалыптастырады. Жақсы бастама деп ойлаймын. Кейде қарапайым дүниеге жаңа көзқараспен қараудың өзі қаланы қызықты ете түседі», – деді қала тұрғыны Медина Мерхатқызы.

Қоғамдық көлік – кез келген қаланың күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлігі. Ал жылдар бойы жолаушыларға қызмет еткен автобустар сол қаланың тарихынан өзіндік орын алады. Осы тұрғыдан алғанда, ескі автобусты жаңа мақсатқа пайдалану – өткенді сақтап, оны қазіргі қажеттілікпен ұштастырудың қызықты үлгісі.

Бұрын қала көшелерінде қозғалған автобус енді жолға шықпайды. Алайда өзінің жаңа қызметінде тұрғындарды қарсы алып, оларға жайлы аялдау орны болмақ.

Ескі техникаға жаңа міндет жүктеген бұл бастама Қарағандыдағы ерекше нысандардың біріне айнала ма, оны уақыт көрсетеді. Дегенмен бір нәрсе анық: қала тарихының бір бөлшегі осылайша жаңа өмірге ие болды.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,

«QH»