Еңбекке жол ашқан жаңа мүмкіндік
Қарағанды қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыспен қамтылуына жағдай жасайтын жаңа мүмкіндіктер қалыптасып келеді. Қалада JOB COACH жобасы аясында Тең мүмкіндіктер орталығы іске қосылып, жұмыс іздеушілерге еңбек нарығына бейімделуге, лайықты қызмет табуға және жаңа жұмыс орнына орнығуға көмектесіп жатыр. Бұл бастама мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғам өміріне белсенді араластырып, олардың еңбек етуіне нақты мүмкіндік беруге бағытталған.
Жұмысқа орналасу – кез келген адам үшін маңызды қадам. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін лайықты қызмет табумен қатар, жұмыс орнының қолжетімді болуы, ұжымға бейімделу және еңбек міндеттерін орындауға қажетті жағдайдың жасалуы да маңызды. Осыны ескерген Қарағандыда жұмыспен қамтуға қолдау көрсетудің жаңа тетіктері енгізілуде.
Солардың бірі – JOB COACH жобасы аясында ашылған Тең мүмкіндіктер орталығы. Мұнда азаматтарға бос жұмыс орындарын іздеуден бастап, еңбек ұжымына бейімделуге дейінгі кезеңде сүйемелдеу көрсетіледі.
Орталықта арнайы даярлықтан өткен мамандар жұмыс істейді. Олардың қатарында ымдау тілі маманы да бар. Сонымен бірге мұнда психолог кабинеті және көру қабілеті мен тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтарға арналған арнайы компьютерлік орындар жабдықталған.
Жобаның алғашқы нәтижесі де жаман емес. Жұмысын бастаған алғашқы айдың өзінде орталыққа 50 адам жүгінген. Үш азамат жұмысқа орналасып үлгерсе, тағы бір адамға жұмысқа орналасуға жолдама берілген.
Облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиевтің айтуынша, орталықтың басты ерекшелігі – азаматқа тек бос жұмыс орнын тауып беру емес, оның жаңа қызметке бейімделуіне де көмектесу.
– Бүгінде орталықтың толыққанды жұмыс істеуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған: даярланған мамандар, нақты әдістеме және айқын міндеттер бар. Бұл – шын мәнінде маңызды қолдау құралы. Өйткені мұнда азаматтарға жұмыс тауып қана қоймай, жаңа ұжымға бейімделуге және жаңа жұмыс орнында орнығуға көмектеседі, – деді Нияз Сүндеталиев.
Маманның айтуынша, жұмыспен қамту процесінде кейінгі сүйемелдеудің орны ерекше. Азамат жұмысқа қабылданғаннан кейін де оған жаңа ортаға бейімделуге, жұмыс орнын игеруге және таңдаған кәсібінде орнығуға қолдау көрсетілгені маңызды.
Бұл бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде де жүйелі түрде жүргізілуде. Биыл Қарағанды облысында жұмыспен қамту шараларына 1 400-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азамат тартылған.
Олардың бір бөлігі тұрақты жұмысқа орналасса, енді бірі түрлі жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысқан.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін кәсіп бастауға да мүмкіндік бар. Биыл оларға және күтім жасайтын адамдарға өз кәсібін ашуға арналған 58 грант берілген. Грант иегерлері қоғамдық тамақтану, тігін, автосервис, клининг, білім беру және мал шаруашылығы сияқты түрлі бағыттарды таңдаған.
Өңірдегі жұмыспен қамту шараларын одан әрі кеңейту міндеті облыс басшылығының тұрақты назарында. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбекке араласуына жағдай жасауды, арнайы және квоталық жұмыс орындарын көбейтуді тапсырды.
– Еңбек етуге қабілетті, жұмыссыз мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте белгіленген квоталар мен арнайы жұмыс орындарын құру тетіктерін тиімді пайдалану маңызды. Жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейтіп, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жұмыс берушілер арасында мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыру керек. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болуы тиіс, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Бұл тапсырма Қарағанды қаласында жүзеге асып жатқан жаңа жобалардың маңызын арттыра түседі. Өйткені жұмысқа орналасуға мүмкіндік жасау – мәселенің бір бөлігі ғана. Азаматтың еңбек ұжымына бейімделуі мен жұмыс орнында тұрақтап қалуы да жұмыспен қамтудың маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Мемлекеттік қолдаудың тағы бір бағыты – арнайы жұмыс орындарын ашу. Мұндай орындар еңбек жағдайына бейімдеуді қажет ететін азаматтарға мүмкіндік береді. Өңірде квотамен бөлінетін жұмыс орындарының саны да артып келеді.
Қарағанды облысындағы кәсіпорындардың ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмысқа орналастыруға үлес қосып отырғандардың бірі – арнайы және формалық киім тігетін «Дедал» ЖШС. Кәсіпорында қазір екі мүмкіндігі шектеулі азамат тұрақты жұмыс істейді. Тағы жеті адам арнайы субсидияланатын жұмыс орындарында еңбек етіп жүр.
Кәсіпорын басшысы Равиль Шаипкин мұндай бастамалардың жұмыс беруші үшін де, қызметкер үшін де маңызы зор екенін атап өтті.
– Біз үшін тек пайда табу ғана емес, қоғамға пайда келтіру де маңызды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек етіп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасауға тырысамыз. Мемлекеттік қолдау бизнеске осы бағытта жұмыс істеуге көмектесіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға ынталандырады, – деді Равиль Шаипкин.
Жұмыспен қамту саласындағы мұндай шаралардың түпкі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдаумен ғана шектелмей, олардың еңбекке араласуына мүмкіндік беру. Тұрақты жұмыстың болуы адамның өзіне деген сенімін арттырып, қоғамдағы белсенділігін күшейтеді.
Қарағанды қаласында іске қосылған Тең мүмкіндіктер орталығы осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған жаңа алаңға айналып отыр. Мұнда азаматтарға өз қабілетіне сай жұмыс табуға ғана емес, еңбек жолын бастауға қажетті қолдау көрсетіледі.
Алдағы кезеңде жұмыспен қамту мүмкіндіктерін кеңейту, арнайы жұмыс орындарын көбейту және жұмыс берушілерге мемлекеттік қолдау шаралары туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыру көзделіп отыр.
Өңір басшылығы бұл мәселені тұрақты бақылауда ұстап, еңбек етуге қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Ең бастысы – мүмкіндігі шектеулі азамат үшін жұмыс орнының болуы ғана емес, сол жерде өзін кәсіби тұрғыдан танытып, ұжымның толыққанды мүшесі ретінде орнығуына мүмкіндік жасау. Қарағандыдағы жаңа бастамалар осы мақсатқа бағытталып отыр.
Құралай ӘЛЖАППАР,
«QH»

