Олимпиада чемпиондарымен 10 мың қадам
Бүгін таңсәріден елордадағы Ботаникалық баққа 1000-ға жуық адам жиналды. Олардың арасында Туризм және спорт министрі, спорт саңлақтары да бар. Жиналғандар 10 мың қадам жасап, салауатты өмір салтын насихаттады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Таңғы сағат 06:00. Ботаникалық баққа 1000-ға жуық адам жиналған. Олардың арасында Олимпиада чемпиондары, спорт жұлдыздары және қоғам белсенділері бар. Бірер сәттен кейін барлығы бірігіп, 10 мың қадам жаяу жүреді. Бұл шамамен 7-8 шақырым.
Жиналғандардың арасында жасы да, жасы үлкені де бар. Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстан халқының 44 пайызы белсенді түрде дене шынықтырумен айналысады екен.
Ербол Мырзабосынов, ҚР Туризм және спорт министрі:
Халқымыз өте белсенді. Біз 2029 жылға концепция бойынша 50 пайызға жеткізу мақсатымыз. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында балалар спорты мен бұқаралық спортқа көп көңіл бөлу керек.
Министр бастаған, Олимпиада чемпиондары қостаған көш 10 мың қадамды бір қарқынмен жүріп отырды.
Ермахан Ыбрайымов, Сидней Олимпиадасының чемпионы:
Жаяу жүрсең ұзақ өмір сүресің демекші бұл денсаулыққа өте пайдалы. Сондықтан спортпен шұғылданыңыздар, өмір жастарыңыз ұзақ болсын.
Көп болып, ұжымдасып межені 2 сағатта бағындырды. Бұл шара салауатты өмір салтын насихаттауға сеп болады, дейді жиналғандар.
Нұрсұлтан Тілектес
https://qazaqstan.tv/news/230282

