Орақ науқаны басталды

Елімізде жаппай егін жинау науқаны басталды. Қазіргі уақытта республика бойынша 1,5 миллион тоннадан астам астық бастырылып, орташа өнімділік гектарына 19 центнерді құрап отыр. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 24 миллион гектардан асты. Орақ жұмыстары Ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты бақылауында.

Биыл өңірде егіс алқабы 1 миллион 200 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда егістік көлемінің артқанын көрсетеді. Дегенмен, ауа райының қолайсыздығы диқандарға өз әсерін тигізіп отыр.

Әсіресе Абай, Шет, Қарқаралы және Осакаров аудандарында жауын-шашынның аз түсуіне байланысты ылғал тапшылығы байқалады. Мамандардың айтуынша, бұл жағдай егіннің өнімділігіне кері әсер етуі мүмкін.

Фермерлердің алдын ала бағалауынша, биыл облыс бойынша бидайдың орташа өнімділігі гектарына шамамен 10 центнерді құрайды. Бұл көпжылдық орташа көрсеткіштен төмен.

Соған қарамастан, шаруалар орақ жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауға күш салып жатыр. Диқандар алдағы апталарда жауын-шашын түсіп, кеш пісетін дақылдардың өнімділігі жақсарады деген үмітте. Орақ науқаны қажетті техникамен, жанар-жағармаймен және материалдық ресурстармен қамтамасыз етілгендіктен, ауа райы қолайлы болған жағдайда егінді ысырапсыз жинап алу көзделіп отыр.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»