Ломбард қарызы несие тарихына әсер етпейді

Қазақстанда ломбардтар арқылы рәсімделген кейбір микрокредиттерге қатысты жаңа өзгерістер енгізілмек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген жаңа ережеге сәйкес, автокөлік пен өзге де жеке мүлікті кепілге қойып алынған микрокредиттер бойынша мерзімі өткен берешек енді азаматтардың несие тарихына теріс әсер етпейді.

Жаңа тәртіп бойынша несие есебінде төлемнің қанша күнге кешіктірілгені, берешек көлемі, айыппұлдар мен өсімпұлдар туралы мәліметтер көрсетілмейді. Қарыз толық өтелгенге дейін мұндай несие «белсенді» мәртебесінде сақталады.
Сонымен қатар несие есебіне азаматтың несие алудан ерікті түрде бас тарту туралы белгі қойғаны жөніндегі ақпарат енгізіледі. Бұл қаржылық алаяқтықтың алдын алып, азаматтарды заңсыз рәсімделетін несиелерден қорғауға мүмкіндік береді.
Жаңа талаптар ресми жарияланған күннен кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді. Сарапшылардың пікірінше, енгізіліп отырған өзгерістер ломбард қызметін пайдаланатын азаматтардың несие тарихына түсетін салмақты азайтып, қаржылық қауіпсіздікті күшейтуге ықпал етеді.