Судағы қауіпсіздік – басты назарда
Қарағанды облысында «Қауіпсіздік азимуты» республикалық акциясы аясында су айдындарында күнделікті профилактикалық рейдтер жалғасуда. Шараның мақсаты – жазғы демалыс кезеңінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қайғылы оқиғалардың алдын алу.
Рейд барысында төтенше жағдайлар қызметінің мамандары өзен-көлдер мен су қоймаларындағы демалыс орындарын аралап, тұрғындарға судағы қауіпсіздік ережелерін түсіндіруде. Әсіресе шомылуға тыйым салынған аумақтарға ерекше назар аударылып, мұндай орындарда демалудың қауіптілігі жөнінде ескерту жұмыстары жүргізілуде.
Құтқарушылар азаматтарды тек арнайы жабдықталған жағажайларда шомылуға шақырады. Сондай-ақ белгіленген буйкалардан асып жүзбеу, бейтаныс жерлерде суға сүңгімеу, балаларды қараусыз қалдырмау және мас күйде суға түспеу қажеттігі тағы бір мәрте түсіндірілуде.
Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі. Осыған байланысты өңірде профилактикалық рейдтер мен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жаз мезгілі аяқталғанға дейін тұрақты түрде жалғасады.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»

