«Сарбаздар олимпиадасы»: үздіктер марапатталды

            Қарағандыда «Астана» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің мерзімді әскери қызметшілері арасында «Сарбаздар олимпиадасы» чемпионаты өтті. Ауқымды додаға бес әскери бөлімнен 145 әскери қызметші қатысып, бірнеше күн бойы өздерінің жоғары дене дайындығын, төзімділігін және командалық үйлесімділігін паш етті.

Жарыс бағдарламасына 100 және 3000 метрге жүгіру, кермеге тартылу, гранатаны алысқа лақтыру, автоматтан ату, кедергілер жолағынан өту, сондай-ақ армиялық қоян-қолтық ұрыс түрлері енгізілді. Бұдан бөлек, әскери қызметшілер волейбол мен шахматтан командалық сындарда да өзара мықтыларды анықтады. Әрбір кезең қатысушылардан тек жоғары физикалық дайындықты ғана емес, сондай-ақ төзімділікті, мергендікті, қайсар мінезді және ұжыммен бірлесе әрекет ету қабілетін талап  етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жауынгерлік дайындық деңгейін арттыруға, әскери рухты нығайтуға және бөлімшелер арасындағы салауатты бәсекелестікті дамытуға зор ықпал етеді. Чемпионат қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте үшінші орынды 85510 әскери бөлімі иеленді. Екінші орын 06708 әскери бөлімінің әскери қызметшілеріне бұйырды. Ал 31775 әскери бөлімі барлық сынақтардың басым бөлігінде үздік нәтиже көрсетіп, чемпион атанып, жалпыкомандалық бірінші орынды жеңіп алды.

– Бұл жеңіс – күнделікті жаттығудың, қатаң тәртіптің және қаруластарымның қолдауының жемісі. Әрбір жекпе-жек оңай болған жоқ, барлық қарсыластар тыңғылықты дайындалған. Осындай жарыстар өз мүмкіндігіңді сынауға, өзіңе деген сенімді арттыруға және әскери міндеттерді орындауға жан-жақты дайындалуға мүмкіндік береді. Енді «Астана» өңірлік қолбасшылығының намысын Құрлық әскерлері чемпионатында абыроймен қорғау үшін бұрынғыдан да көп жаттығамын, – деді 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде армиялық қоян-қолтық ұрыстан жеңімпаз атанған Рамазан Бақтыбаев.

Чемпионат қорытындысы бойынша төрешілер алқасы әрбір спорт түрінен үздік шыққан әскери қызметшілерді анықтады. Олар алдағы уақытта «Астана» өңірлік қолбасшылығының құрама командасының сапына қосылып, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің алдағы чемпионатында өңірлік қолбасшылықтың намысын қорғайтын болады.

Бекасыл ЕРАСЫЛ,

«QH»