Мирас Тақауиев Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады
Қарағанды облысының көкпаршысы Мирас Тақауиев қыркүйек айында Қырғызстанның Ыстықкөл жағалауында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасының сапында өнер көрсетеді. Бұл – жас спортшының әлемдік деңгейдегі ең беделді ұлттық спорт додасындағы алғашқы жарысы.
Мирас Тақауиев ұлттық құрамаға тұрақты түрде шақырылып жүрген талантты шабуылшылардың бірі. Ол былтыр Талдықорғанда өткен Қазақстан чемпионатында Қарағанды облысы құрамасының намысын қорғап, қарсыластар қақпасына алты салым салып, үздік мергендердің қатарынан көрінді. Сол нәтижеден кейін ұлттық құраманың бапкерлер штабы оның шеберлігіне жоғары баға беріп, үшінші рет ел құрамасына қосты.
Бүгінде көкпаршы Қазақстан құрамасында өнер көрсетіп жүргеніне екі жылдан асты. Осы уақыт ішінде республикалық және халықаралық деңгейдегі жарыстарда тәжірибе жинақтап, ұлттық құраманың негізгі ойыншыларының біріне айналды.
– Дайындық жоспарға сай жоғары деңгейде өтіп жатыр. Алматыда оқу-жаттығу жиындарының алғашқы екі кезеңін аяқтадық. Алдағы шешуші кезең тамыз айында басталады. Бас бапкерлер шабуыл шебіндегі ойынды күшейтуге басымдық беріп отыр. Маған нәтижелі шабуыл ұйымдастырып, салым салу міндеті жүктелді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына облыстық көкпар федерациясы арнайы жарақталған сәйгүлік дайындап береді. Бұл – біз үшін үлкен қолдау әрі жауапкершілік, – дейді Мирас Тақауиев.
Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – ұлттық спорт түрлерін дәріптейтін халықаралық деңгейдегі ең ірі жарыстардың бірі. Онда әлемнің ондаған елінен келген спортшылар көкпар, аударыспақ, жамбы ату, қазақ күресі және басқа да этноспорт түрлерінен бақ сынайды.
Мамандардың айтуынша, ұлттық құрама биыл да чемпиондыққа басты үміткерлердің қатарында. Ал Мирас Тақауиевтің шабуылдағы шеберлігі команданың нәтижесіне елеулі үлес қосады деген сенім бар.
Айта кетейік, Мирас Тақауиев – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алған алғашқы қарағандылық көкпаршылардың бірі. Бұл – өңірдегі ұлттық спорттың дамуы мен жергілікті спортшылардың кәсіби деңгейінің жоғарылағанының айқын көрінісі.
Бекасыл ЕРАСЫЛ,
«QH»

