Бүлдіршіндер футбол әлеміне қадам басты
Қарағанды облысында балалар футболын дамытуға бағытталған «ALGA» әлеуметтік-білім беру жобасы жаңа кезеңге өтті. Бұған дейін мектеп оқушылары арасында жүзеге асырылған бастама енді мектепке дейінгі ұйымдарды да қамтып, бүлдіршіндерді ерте жастан спортқа баулуға мүмкіндік беріп отыр.
Жобаның алғашқы кезеңіне «Айгөлек», «Айсұлу», «Балақай», «Шаңырақ» және «Жұлдыз» балабақшалары қатысты. Бағдарламаның негізгі мақсаты – балалардың қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыру және футбол арқылы олардың командалық қарым-қатынас дағдыларын дамыту.
Арнайы әзірленген бағдарлама аясында бүлдіршіндер футболдың қарапайым элементтерін ойын түрінде меңгереді. Олар доппен жұмыс істеуді, алаңда еркін қозғалып, топпен әрекет етуді үйренеді. Сонымен қатар түрлі эстафеталар, спорттық ойындар мен көңілді сайыстар ұйымдастырылып, балалардың спортқа деген қызығушылығы арта түсуде.
Балабақшалардағы «ALGA» жобасының алғашқы спорттық шарасы 18 шілдеде өтті. Балалар ойындарға белсене қатысып, өздерінің ептілігі мен шапшаңдығын көрсетті. Шара соңында ұйымдастырушылар бүлдіршіндерге естелік сыйлықтар мен спорттық құрал-жабдықтар табыс етті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамалар балалардың дене дайындығын нығайтып қана қоймай, олардың өзара сыйластық, достық пен жауапкершілік сияқты қасиеттерін қалыптастыруға да ықпал етеді. Командалық ойын барысында балалар бір-біріне қолдау көрсетуді, ортақ мақсатқа бірге жетуді үйренеді.
Жобаға қатысқан ата-аналардың бірі Нұрғали Бекілдеков мұндай бастамалардың бала тәрбиесіндегі маңызы зор екенін айтады.
– Балалардың кішкентай кезінен спортқа қызығушылық танытқаны өте маңызды. Осындай жобалар арқылы олар тек футбол ойнауды ғана емес, бір-бірімен тіл табысуды, командада жұмыс істеуді үйренеді. Балалардың қуанышын көргенде мұндай бастамалардың қаншалықты қажет екенін түсінесің, – дейді ол.
Ал QOFA әлеуметтік жобалар бөлімінің жетекшісі Данияр Қарибаевтың айтуынша, жобаның басты мақсаты – балалардың спортқа деген қызығушылығын ерте жастан қалыптастыру.
– Біз футболды тек спорт түрі ретінде ғана емес, баланың жан-жақты дамуына ықпал ететін тиімді құрал ретінде қарастырамыз. Сондықтан бүлдіршіндерді ерте жастан белсенді өмір салтына баулуға ерекше мән беріп отырмыз. Алдағы уақытта жобаның ауқымын кеңейтіп, оған қатысатын балабақшалар мен балалар санын арттыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Данияр Қарибаев.
Мамандардың пікірінше, мектепке дейінгі кезеңде қалыптасқан спорттық дағдылар баланың денсаулығын нығайтып қана қоймай, оның тәртіпке, жауапкершілікке және белсенді өмір салтына бейімделуіне ықпал етеді. Сондықтан «ALGA» жобасы балалар футболын дамытуға ғана емес, өскелең ұрпақтың дені сау әрі белсенді болып қалыптасуына бағытталған маңызды әлеуметтік бастамалардың біріне айналып отыр.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

