Азия чемпионатында жарқыраған жерлестер

Иордания астанасы Амман қаласында жасөспірімдер арасында дзюдодан өткен Азия чемпионаты Қарағанды облысының спортшылары үшін сәтті аяқталды. Құрлықтың үздік балуандары бас қосқан халықаралық бәсекеде жерлестеріміз бір алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алып, Қазақстан құрамасының қоржынына қомақты үлес қосты.

Азия чемпионаты жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігі алдындағы ең маңызды жарыстардың бірі. Сондықтан бұл додада әрбір белдесу үлкен мәнге ие. Спортшылар тек жүлде үшін ғана емес, халықаралық рейтингтегі ұпайларын толықтырып, алдағы әлем чемпионаты қарсаңында өз мүмкіндіктерін бағамдауға мүмкіндік алды. Жоғары деңгейдегі қарсыластармен күш сынасу жас балуандар үшін мол тәжірибе жинақтауға жол ашты.

Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен Қарағанды спортшылары сенімді белдесіп, өздерінің дайындық деңгейінің жоғары екенін дәлелдеді. 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Санжар Ерұланұлы қарсыластарының барлығын айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионы атанды. Ол жарыс бойы жоғары техникалық шеберлігі мен жеңіске деген жігерін көрсетіп, алтын медальға лайық өнер көрсетті. Спортшыны халықаралық додаға жаттықтырушысы Хасен Сақеев дайындады.

Қарағанды қоржынына түскен күміс жүлделерді Руслана Махатова мен Айша Алтай иеленді. Руслана +78 келі салмақ дәрежесінде сәтті күресіп, финалға дейін жетсе, 70 келіге дейінгі салмақта белдескен Айша Алтай да шешуші кезеңге дейін сүрінбей жетіп, чемпионаттың күміс жүлдегері атанды. Руслананы жарысқа Қайрат Жұмабек баптаса, Айшаның жеке жаттықтырушысы Дастан Манабаев.

48 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған Айзат Наукенова да жүлдесіз қайтқан жоқ. Ол тартысты белдесулерде табандылық танытып, қола медальді жеңіп алды. Спортшының жаттықтырушысы Елдос Әбішев шәкіртінің халықаралық жарыстағы жетістігіне өз үлесін қосты.

Аммандағы Азия чемпионатының қорытындысы Қарағанды дзюдо спортының жүйелі түрде дамып келе жатқанын тағы бір мәрте көрсетті. Жас спортшылардың халықаралық аренадағы табысты өнері олардың алдағы әлем чемпионатында да жоғары нәтиже көрсетуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жетістіктер өңірдегі спорт мектептері мен бапкерлердің қажырлы еңбегінің нақты жемісі екенін айғақтайды. Қарағандылық дзюдошылардың жеңісі Қазақстан құрамасының жалпы көрсеткішін жақсартып, жас спортшылардың халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеді. Ендігі мақсат – әлем чемпионатында да сәтті өнер көрсетіп, ел қоржынына жаңа жүлделер салу.

Ералы ҒАНИ,

«QH»