«Шахтер» жеңісті сериясын жалғастырып келеді
Қарағандылық «Шахтер» бірінші лигадағы сәтті ойындарын жалғастырып, қатарынан жетінші матчта жеңіліссіз өнер көрсетті. Чемпионаттың XIV туры аясында сырт алаңда Екібастұздың «Батыр» клубымен кездескен кеншілер 2:0 есебімен жеңіске жетіп, екінші айналымды үш ұпаймен бастады.
Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ қарағандылықтар ойын тізгінін өз қолына алып, допқа көбірек иелік етіп, қапталдар арқылы жиі шабуыл ұйымдастырған команда қарсылас қақпасы маңында бірнеше қауіпті сәт тудырды. Ойын барысында тактикалық жағынан басымдық танытқан «Шахтер» шабуылдағы белсенділігінің нәтижесін бірінші таймның соңына қарай көрді.
38-минутта есепті жартылай қорғаушы Андрей Ульшин ашты. Сол қапталдан әріптестеріне бағыттап асырған добы ешкімге тимей, күтпеген жерден қақпаның алыс бұрышынан бір-ақ шықты. Әдемі гол қарағандылық команданы алға шығарды.
Үзілістен кейін де қонақтар қарқынын бәсеңдеткен жоқ. 61-минутта Рифат Нұрмұғамет шабуылды сәтті аяқтап, есеп айырмасын еселей түсті. Айып алаңының сыртынан бағыттаған оның дәл әрі қуатты соққысына қарсылас қақпашысы тосқауыл қоя алмады.
Қалған уақытта «Шахтер» ойын тізгінін уысынан шығармай, кездесуді сенімді жеңіспен аяқтады. Осы нәтижеден кейін қарағандылық команда турнир кестесіндегі жағдайын жақсартып, Премьер-лигаға жолдама беретін алғашқы екі орынның біріндегі орнын сақтап қалды.
Қазір «Шахтердің» негізгі бәсекелестерінің бірі – алматылық «Қайрат-Жастар» командасы. Екі клубтың ұпайы тең болғанымен, қарағандылықтар чемпионаттағы тұрақты ойын өрнегімен көзге түсіп келеді. Ал премьер-лига жолдамасы үшін таласып жүрген тағы бір қарсылас – түркістандық «Тұран» клубы.
Енді қарағандылық жанкүйерлер өз командасының келесі ойынын өз алаңында тамашалайды. 24 шілде күні «Шахтер» «Арыс» клубын қабылдайды. Кеншілер бұл кездесуде де жеңісті сериясын жалғастырып, турнир кестесіндегі көшбасшылар қатарындағы орнын нығайтуды көздеп отыр.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

