Ұлы даланың тарихи мұрасы талқыланды

Қарағанды облысындағы «Талды» тарихи-археологиялық паркінде халықаралық ғылыми симпозиум өтіп, оған Қазақстан мен шетелден келген археологтар, тарихшылар және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Басқосу барысында Ұлы даланың бай тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, археологиялық ескерткіштерді сақтау және оларды болашақ ұрпаққа жеткізу мәселелері жан-жақты талқыланды.

Халықаралық деңгейдегі кездесудің дәл осы «Талды» кешенінде ұйымдастырылуының өзіндік мәні бар. Өйткені мұнда қола дәуіріне жататын бірегей археологиялық нысан – Қаражартас пирамидасы орналасқан. Ғалымдардың пікірінше, бұл ескерткіш Сарыарқа жеріндегі ежелгі өркениеттердің даму деңгейін айғақтайтын аса құнды тарихи мұралардың бірі саналады және Ұлы даланың мәдени келбетін тануда ерекше орын алады.

Симпозиумның ашылу рәсімінде Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей тарихи мұраны сақтаудың маңыздылығына тоқталып, өткенді тану ұлттың болашағын айқындайтын маңызды фактор екенін айтты.

– Бүгінде жасанды интеллект пен жаңа технологиялар өмірімізді қарқынды түрде өзгертіп жатыр. Алайда біздің кім екенімізді және тамырымыздың қайдан бастау алатынын түсінуге тек тарих көмектеседі. Өз өткенін ұмытпаған халық өзінің болмысын сақтап қалады. Егер Мысыр пирамидалары Ніл аңғары өркениетінің символына айналса, Сарыарқадағы сақ қорғандары Ұлы дала өркениетінің ауқымы мен тереңдігін әлемге танытты, – деді ол.

Форум аясында көшпелі өркениеттің қалыптасуы, ежелгі тайпалардың мәдениеті, археологиялық мұраларды сақтау мен зерттеудің заманауи тәсілдері және халықаралық ғылыми ынтымақтастық мәселелері кеңінен қаралды. Мамандар тарихи ескерткіштерді зерттеу тек өткенді зерделеу ғана емес, сонымен қатар ұлттық бірегейлікті нығайтып, әлемдік ғылымға үлес қосатын маңызды бағыт екенін атап өтті. Қатысушылар Ұлы даланың тарихи мұрасы Қазақстан үшін ғана емес, адамзат өркениетінің ортақ қазынасы екенін айтып, оны қорғау мен насихаттау ісінде халықаралық әріптестіктің рөлін ерекше бағалады. Осы мақсатта симпозиум барысында бірнеше ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, бірлескен ғылыми зерттеулер мен жобаларды жүзеге асыру жөнінде келісімдер жасалды.

Іс-шара ғылыми пікірталастармен ғана шектелмей, мәдени бағдарламамен де толықты. Өңір музейлері ұйымдастырған көрмелерде келушілерге археологиялық қазбалардан табылған құнды жәдігерлер мен тарихи бұйымдар таныстырылды. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің жұмыстары ұсынылып, қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін дәріптейтін түрлі көріністер көрсетілді.

Қонақтардың ерекше қызығушылығын тудырған шаралардың бірі – ұлттық садақ ату сайысы болды. Бұл көрініс қатысушыларға көшпелі халықтың жауынгерлік өнері мен тұрмыс-тіршілігінің ерекшелігін жақынырақ сезінуге мүмкіндік берді.

Ғылыми секциялар барысында археология, антропология, палеогенетика және көне дәуірлерді зерттеудің жаңа әдістері талқыланып, отандық және шетелдік мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті. Заманауи технологияларды пайдалану арқылы тарихи нысандарды зерттеу мен цифрландырудың мүмкіндіктері де сөз болды.

«Талды» тарихи-археологиялық паркінде өткен халықаралық симпозиум ғылыми қауымдастық өкілдерінің өзара тәжірибе алмасуына және жаңа серіктестіктер орнатуына жол ашты. Мұндай кездесулер Қазақстанның археологиялық әлеуетін әлемге кеңінен танытып қана қоймай, Ұлы даланың баға жетпес мұрасын жан-жақты зерттеу мен сақтау ісіне тың серпін береді.

Ералы ҒАНИ,

«QH»