Чемпион атанған педагогтер
Астана қаласында өткен ұстаздар арасындағы республикалық қазақ күресі турнирінде Қарағанды облысының педагогтері жоғары нәтиже көрсетіп, ұлттық спорттағы шеберліктерін тағы бір мәрте дәлелдеді. Елдің әр өңірінен келген мұғалімдер қатысқан байрақты бәсекеде қарағандылық балуандар үш чемпиондық белбеуді жеңіп алып, облыс мерейін асқақтатты.
Қарағанды облысы құрамасының сапында өнер көрсеткен Шет агротехникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Нұрхан Есмағанбетов жарыс барысында бірнеше тәжірибелі қарсыласын жеңіп, финалдық белдесуде де басымдық танытып, жеңіс тұғырына көтерілді. Оның айтуынша, турнирдегі әрбір белдесу үлкен жауапкершілік пен тыңғылықты дайындықты талап еткен.
Тағы бір жарқын жетістікке Нұра ауданындағы жалпы білім беретін мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бекнұр Әбдіғалым қол жеткізді. Ол өз салмақ дәрежесінде барлық қарсыласынан басым түсіп, алтын жүлдені иеленді. Бұл – оның аталған республикалық турнирдегі екінші мәрте чемпион атануы, яғни спорттағы тұрақты жоғары нәтижесінің айқын дәлелі.
Ақсу-Аюлы ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектебінің жас ұстазы Берхаир Амангелді де тартысты белдесулерде шеберлігін көрсетіп, барлық кездесуін сәтті аяқтады. Сенімді күрес үлгісін көрсеткен ол чемпиондық белбеуге ие болып, өңір қоржынына кезекті жеңісті салды.
Жалпы республикалық додада Қарағанды облысының намысын 30 педагог қорғады. Олар ұлттық спортқа деген қызығушылықтарын ғана емес, ұйымшылдық, төзімділік және жеңіске деген жігердің үлгісін танытты. Турнир барысында облыс командасының мүшелері өзара қолдау көрсетіп, жоғары нәтижеге қол жеткізу жолында біртұтас ұжым ретінде өнер көрсетті.
Мамандардың айтуынша, мұндай жарыстар мұғалімдердің кәсіби қызметінен тыс белсенді өмір салтын насихаттап қана қоймай, ұлттық спорт түрлерін кеңінен дәріптеуге де ықпал етеді. Әсіресе, шәкірт тәрбиелеп жүрген ұстаздардың қазақ күресі секілді төл өнерде табысқа жетуі жастарға патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісі.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

