Тіл – ұлт қазынасы
Қарағанды облысында ересектерге арналған мемлекеттік тілді тегін оқыту курстарының алғашқы кезеңі аяқталды. Үш айға созылған жоба облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен жүзеге асып, жүздеген тұрғынға қазақ тілін үйренуге мүмкіндік берді.
Курс барысында қатысушылар тек теориямен шектелмей, практикалық жаттығулар арқылы тілдік дағдыларын дамытты. Қазір олар қорытынды емтихан тапсыру кезеңінен өтуде. Оқу бағдарламасы қазақ тілін күнделікті өмірде еркін қолдануға бейімделіп, оқылым, тыңдалым, жазылым және айтылым бағыттарын қатар қамтыды. Сабақтарда заманауи әдістер мен цифрлық құралдар пайдаланылды. Мамандардың айтуынша, қазақ тілінің цифрлық ортадағы үлесін арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Осы бағытта өңірлерде іске асып жатқан жобалар тілдің тек тұрмыста ғана емес, кәсіби және технологиялық салаларда да кеңінен қолданылуына ықпал етеді.
– Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы былтырдан бері бірнеше жаңа жобаны жүзеге асырып келеді. Соның бірі – «Тұлпар мініп ту алған» жобасы. Сонымен қатар «Сөзжасам» жобасы арқылы өндіріс саласында қазақша баламасы жоқ терминдерді жинақтап, оларды терминком арқылы қолданысқа енгізу жұмыстары жүргізілді. Биыл біз «DigitalKZ» хакатонын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Оның мақсаты – қазақ тілін цифрлық ортада дамытуға бағытталған IT өнімдер жасау және жастарды осы іске тарту. Жобаға 18-35 жас аралығындағы дизайнерлер, IT мамандары, студенттер және цифрлық өнім әзірлеуге қызығушылығы бар азаматтар қатыса алады. Сонымен қатар «Сауатты жарнама – сапалы қызмет» жобасы да жалғасуда. Бұл бастама аясында кәсіпкерлерге мемлекеттік тілді дұрыс қолдану бойынша әдістемелік көмек көрсетіледі, – деді облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тілдерді дамыту, сараптама және ономастика бөлімінің басшысы Гаухар Темірғалиева.
Ал «Сауатты жарнама – сапалы қызмет» жобасы аясында кәсіпкерлерге тегін кеңес беріліп, жарнама мәтіндерінің заң талаптарына сәйкестігі тексеріледі. Жоба барысында көптеген нысанға мониторинг жүргізіліп, анықталған қателер түзетілген.
Курстарға түрлі сала мамандары мен мемлекеттік қызметшілер қатысып, тілдік деңгейін көтеруге мүмкіндік алды. Сабақтар аптасына үш рет өтіп, негізгі оқу көлемі 72 академиялық сағатты құрады. Оған қосымша 28 сағаттық сөйлеу клубтары ұйымдастырылып, жалпы оқу ұзақтығы 100 сағатқа жетті. Сабақтар қаладағы бірнеше жерде өтті. Атап айтқанда, «Абзал» сауда үйінде, Достық үйінде және Гоголь көшесіндегі оқу кабинеттерінде ұйымдастырылды.
– Биыл облыстық тілдерді оқыту орталығы арқылы ересектерді, оның ішінде мемлекеттік қызметкерлерді қазақ тіліне үйрету жалғасуда. Қаладағы кәмелеттік жасқа толған кез келген тұрғын курсқа қатыса алады. 2026 жылға 930 адамды оқыту жоспарланған. Қазір бірінші кезең аяқталды, ол ақпан, наурыз және сәуір айларын қамтыды. Емтихан аяқталған соң қатысушыларға сертификат табысталады. Биыл курсқа жеке тұлғалардың қызығушылығы жоғары. 72 сағаттың барлығына қатысқан тыңдаушылар ғана емтиханға жіберіледі, – деді облыстық тілдерді оқыту орталығының директоры Алмагүл Игенова.
Бағдарлама A1-ден C1 деңгейіне дейінгі сатыларды қамтиды. Әр қатысушы өз деңгейіне сай білім алып, курс соңында емтихан нәтижесі бойынша сертификатқа ие болады. Қарағанды қаласы бойынша бірінші кезеңде 369 адам оқуға қатысып, қазір қорытынды сынақ тапсыруда. Бұл көрсеткіш өңірде мемлекеттік тілге қызығушылықтың артып келе жатқанын байқатады. «Сөзжасам» жобасы аясында өндіріс пен технология саласына қатысты қазақша баламасы жоқ терминдер жүйеленіп жатыр. Алдағы уақытта кемінде 150 жаңа терминді қолданысқа енгізу жоспарланған.
Курсқа қатысушылардың арасында әртүрлі ұлт өкілдері мен зейнеткерлер де бар. Олар жобаның қолжетімді әрі тиімді екенін айтады.
– Мен зейнеткермін, ұлтым – белорус. Осындай тегін қазақ тілі курстары үшін алғыс айтамын. Сабақтар ұнады, жаңа оқулықпен оқыдық. Кітап түсінікті әрі қызықты. Қазір қазақ тілін түсінемін, сөйлей де аламын, – деді Галина Совельева.
Жалпы өңірде жүзеге асырылып жатқан мұндай бастамалар мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар қазақ тілінің қоғамдағы рөлін күшейтіп, оны заманауи өмірдің барлық саласында қолдануға жол ашып отыр.
Ералы ҒАНИ,
«QH»

