Жүректегі жауапкершілік пен адал қызмет
Отан – әрбір адамның жүрегіне жақын ең қастерлі ұғым. Оны қорғау тек ер азаматтардың ғана емес, елін сүйген әрбір жанның парызы. Бүгінгі бейбіт күннің бағасы да, елдің тыныштығы да осы жауапкершілікті жүрекпен сезінген жандардың еңбегімен өлшенеді. Солардың қатарында нәзік жандылардың да орны ерекше.
Байдаулетова Алмагүл Кенжеғазықызы 1991 жылы 31 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Бестерек ауылында дүниеге келген. Балалық шағынан білімге құштар болып өскен ол мектепті тәмамдаған соң арман қуып Астана қаласына жол тартады. Еліміздің жүрегінде білім алып, оқуын үздік аяқтағаннан кейін өз мамандығы бойынша еңбек жолын бастайды. Өмір жолындағы маңызды бетбұрыстардың бірі – қызметке қатысты бір хабарландырумен байланысты болды. Онда Астана қаласы Сарыарқа ауданы бойынша жергілікті істерді басқару органына қызметкер қажет екені жазылған еді. Сол сәтте оның ойына мектеп кезіндегі әскери форма киюге деген бала арманы оралады. Бұл жай ғана ой емес, жүректе жылдар бойы сақталған патриоттық сезімнің көрінісі болатын. Көп ойланбастан, ол жаңа бағытта өзін сынап көруге бел буады. Осылайша ол әскери комиссариатта екі жыл абыроймен қызмет атқарып, ел алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді. 2017 жылы оның кәсіби жолы Әскери-тарихи музейімен жалғасады. Бүгінде ол осы музейде өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді, олардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметті қалыптастыруды басты міндеті санайды. Алмагүлдің айтуынша, бұл – жай ғана жұмыс емес, бұл өмірлік таңдау. Себебі Отанға қызмет ету тек қарумен емес, жүрекпен де атқарылады. Ел тарихын насихаттау, жас буынды рухани тұрғыда тәрбиелеу де – ел қорғаудың бір биік формасы. Отан қорғаушылар күні қарсаңында оның өмір жолы ерекше мәнге ие. Себебі бұл оқиға бізге бір шындықты тағы да дәлелдейді. Отанды қорғау – тек ер азаматтардың ғана міндеті емес. Елін сүйген, жерін құрметтеген, тарихын дәріптеген арулар да – бейбіт күннің берік қалқаны. Бүгінгі қоғамда әйел-аналар, қыз-келіншектер тек отбасының ғана емес, мемлекеттің де тірегі болып отыр. Олар білім мен еңбекте, руханият пен тәрбие саласында елдің дамуына зор үлес қосуда. Алмагүл Кенжеғазықызы сияқты жандар – соның жарқын дәлелі. Отанға деген махаббат – жүректе. Ал сол махаббатты ісімен дәлелдеген әр азамат, әр ару – шынайы ел қорғаны.

