Қаңғыбас иттер мәселесі: жаңа бағдарлама нәтиже бере ме?
Қарағанды облысы аумағында қаңғыбас иттер санын азайтуға бағытталған аулау, зарарсыздандыру және вакцинациялау бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы жануарларды қорғау ұйымдары хабарлады. Бұған дейін өңірдің қоғамдық кеңесі қалалық ветстанцияға қарасты уақытша ұстау пунктін тексеріп, онда бос қоршаулар бар екенін анықтаған.
Уақытша ұстау пункті қазіргі таңда бос, жануарлар жоқ. Жақында ветстанция қызметкерлері Михайловка аймағында бес итті ұстаған. Қаңғыбас жануарларды аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау бағдарламасы іске қосылғанымен, зооқорғаушылардың айтуынша, ол тиімді жұмыс істемей тұр. Еріктілер қаңғыбас жануарлардың саны әлі де азаймағанын атап өтті.
– Ал прокуратура неге сұрамай отыр деген сұрақ туындайды. Неліктен 2023, 2024, 2025 жылдары Қарағанды облысында миллиондаған қаражат бөлініп, игерілгенімен қаңғыбас иттер саны азайған жоқ? Тіпті үш жылдық нақты деректерді айта алмайды. Осы күнге дейін қанша иттің иесі бар, ал қаншасы қаңғыбас иттер тізімінде екенін анықтау мүмкін емес, – деді «Қорғау»орталығының басшысы Инна Радченко.
Жануарларды есепке алу жеке мәселе болып табылады. Үй жануарларын қорғаушылардың пікірінше, тіркеу жүйелері әр жыл сайын өзгеріп отырады.
– Бұл республикалық деңгейдегі мәселе. Біз база біртұтас болуы қажет деп санаймыз, оны ауылшаруашылық жануарларының дерекқоры ретінде біржола жасау керек. Алайда бұл мәселе әлі шешімін таппай отыр. Ветеринария басқармасы конкурстардың жеңімпаздарын жариялаған кезде бәрі тек қағаз жүзінде қалады. Сертификаттар тіркелгенімен, база әлі де жұмыс істемейді, – дейді Инна Радченко.
Ветеринария басқармасы жағдайды басқаша түсіндіреді. Бағдарлама жұмыс істеп тұр, алайда жануарларды уақытша ұстау сот процестерімен байланысты себептерге байланысты уақытша тоқтатылған.
– Қаңғыбас иттердің саны азайды, себебі олар уақытша ұстау пункттеріне қабылданады және барлық шаралар осы бағдарламалар бойынша жүргізіледі, – деп атап өтті Қарағанды облысы ветеринария басқармасының құқықтық қамтамасыз ету жөніндегі бас маманы Аян Оспанов.
Өткен жылы, қоғам белсенділерінің мәліметі бойынша, қаңғыбас иттер 1800 баланы тістеген. Бұл мәселені шешу үшін қоғамдық кеңес мүшелері мобильді комиссия құруға ниетті, оның мақсаты – бюджет қаражатын заңсыз пайдалану және өнім берушілердің шарттық міндеттемелерін сапасыз орындау фактілерін анықтау.
– Иттерді тәулік бойы ұстау, зарарсыздандыруға арналған қажетті жабдықтардың болуы маңызды. Мониторинг барысында тексеру емес, ұсыныстар беріледі, егер қажетті жабдықтар жоқ болса, оларды сатып алу ұсынылады, – деді Қарағанды облысы қоғамдық кеңесінің мүшесі Рустам Тәнішпеков.
Зооқорғаушылардың айтуынша, қоғамдық тәртіп әрбір тұрғыннан басталады. Мысалы, итті асырап алғандар біраз уақыттан кейін оны саяжайға қалдырып кетеді.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

