Білім саласында қаржыны тиімді пайдалану – басты міндет
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында білім беру саласында «экономизация» қағидатын жалғастыру қажеттігін атап өтті. Яғни бюджет қаражатын бейберекет жұмсамай, нақты нәтижеге бағытталған, жүйелі әрі тиімді тетіктерді қалыптастыру маңызды екені айтылды. Мемлекет басшысы білім сапасын арттырумен қатар, қаржыландыру үдерісін оңтайландыру, қаражаттың мақсатты әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету керектігін жеткізді. Әсіресе инфрақұрылымды жаңғырту, педагогтердің кәсіби деңгейін көтеру және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы шығындардың тиімділігіне баса назар аударылды. Маңызды жиында көтерілген бастамаларға қарағандылықтар да үн қосты. Өңір жұртшылығы Президент жүктеген пәрменді тапсырмалар білім сапасын арттырып, саладағы басқару тетіктерін жетілдіруге серпін береді деген пікір білдіруде. Жалпы, отырыста айқындалған міндеттер білім жүйесін жаңғыртуға, қаржылық тәртіпті күшейтуге және әрбір теңгенің қайтарымын арттыруға бағытталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында білім беру саласында қордаланған жүйелік мәселелер бар екенін қадап айтты. Президенттің сөзінше, бұл проблемалар тек мемлекеттік оқу орындарына ғана емес, жекеменшік білім беру ұйымдарының жұмысына да тікелей қатысты. Мемлекет басшысы білім сапасын арттыру үшін ең алдымен қаржыландыру тетіктерін қайта қарау қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, мектептер мен жоғары оқу орындарын қаржыландыруда ашықтық пен тиімділік қағидаттары сақталуы тиіс. Сонымен қатар жекеменшік білім беру ұйымдарын қолдау мәселесі де назардан тыс қалмауы керек. Президент көтерген бастамалар білім беру жүйесін кешенді түрде жаңғыртуға, басқару мен қаржыландыру механизмдерін жетілдіруге бағытталған. Бұл қадамдар саладағы түйткілдерді шешіп, сапалы әрі қолжетімді білім беруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Білім саласындағы «экономизация», яғни қаржыны орынсыз шашпай, жоспарлы әрі нәтижеге бағыттап жұмсау саясатын жалғастыру қажет. Балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі барлық деңгейде мемлекеттік қаржының қайтарымы мен тиімділігін арттыру басты назарда болуы тиіс. Әрбір бөлінген қаражат нақты нәтижеге жұмыс істеп, білім сапасын көтеруге және инфрақұрылымды жетілдіруге бағытталуы керек. Сонымен қатар маман даярлау жүйесі экономиканың нақты секторындағы өзгерістерге жедел бейімделуі қажет. Қазіргі таңда жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың даму қарқыны өте жоғары, ал білім беру мазмұны мен оқу бағдарламалары осы үрдіске толық ілесе алмай отыр. Сондықтан оқу орындары заманауи талаптарға сай кадр даярлауды күшейтіп, инновациялық бағыттарды оқыту үдерісіне батыл енгізуі маңызды, – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқу бағдарламалары мен білім стандарттары жаңарып үлгергенше, еңбек нарығындағы мамандықтар талаптары өзгеріп кетіп жатыр. Бұл мәселеге Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент арнайы назар аударды. Сондықтан тек IT-мамандар санын арттыру немесе жалпы цифрлық дағдыларды үйретумен шектелу жеткіліксіз. Ең бастысы – білім мазмұнын икемді етіп, оны экономиканың нақты сұранысына жедел бейімдеу.
– Осыған байланысты Үкіметке жетекші компаниялармен бірлесіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі арқылы Ұлттық мамандықтар трансформациясы орталығын құру міндеттелуі тиіс. Бұл құрылымды басқаруды мемлекеттік емес компаниялардың консорциумына беру орынды. Себебі бизнес өкілдері өзгерістерге жылдам икемделеді және еңбек нарығының нақты сұранысын терең түсінеді, – дейді Президент.
Сандық сауаттылық пен жасанды интеллект – уақыт талабынан туындаған өмірлік қажеттілік. Қазіргі кезеңде бұл жай ғана тренд емес, заман сұранысына айналды. Өйткені маман даярлау жүйесі экономиканың нақты секторында жасанды интеллект пен жаңа технологияларды енгізу қарқынына толық ілесе алмай отыр. Сондықтан білім беру мазмұны осы өзгерістерге сай жаңарып, еңбек нарығының талаптарына жедел бейімделуі тиіс.
– Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев білім беру саласына, соның ішінде қарқынды дамып жатқан жасанды интеллект бағытына қатысты ауқымды міндеттер жүктеді. Бұл бастамалар уақыт талабынан туындап отыр. Бүгінде оқу-тәрбие үдерісінде педагогтер жасанды интеллект бойынша арнайы курстардан өтіп, алған білімдерін өз тәжірибесіне енгізе бастады. Яғни жаңа технологияларды игеру мен оларды сабақ барысында тиімді қолдану бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр, – деп атап өтті Қарағанды облыстық білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының басшысы Бақыткүл Әбдікерова.
Маңызды жиында Президент Үкіметке білім және жасанды интеллект бағыттары бойынша нақты міндеттер жүктеді. Мемлекет басшысы Үкімет ережелерді нақтылап, ашықтық пен сұранысты қамтамасыз етуге, сондай-ақ тиімді шешімдерді кеңінен енгізуге ықпал етуі тиіс екенін атап өтті. Дегенмен бұл бағытта жүйелі жұмыс әлі де жеткіліксіз. Сондықтан салаға серпін беру үшін барлық тарап бірігіп, ортақ жауапкершілікпен әрекет етуі қажет деген пікір басым.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»


