Заң мен тәртіп жолында: жастармен бірге таза қала үшін
Облыс көлемінде профилактика жылы аясында «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде «STOP GRAFFITI» акциясы ұйымдастырылды. Шара барысында ғимарат қабырғаларындағы синтетикалық есірткі жарнамалары анықталып, арнайы рейд арқылы жойылды. Акцияның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру, қоғамның қауіпсіздігі мен қала тазалығын сақтау. Бұл бастама тұрғындарды заңға құрметпен қарауға және салауатты өмір салтын ұстануға үндейді.
Қала аумағында есірткі заттарының таралуына қарсы іс-қимыл аясында «STOP ГРАФФИТИ» акциясы ұйымдастырылды. Қала бес аймаққа бөлініп, әр жерде тексерулер жүргізіліп, аумақ тазалығы қамтамасыз етілді. Нәтижесінде есірткі жарнамасы бар алты граффити жойылды. Сонымен қатар, қала тұрғындарына нашақорлықтың алдын алу және есірткі бизнесіне қарсы шаралар туралы ақпараттық буклеттер таратылды.
– Бүгін мен «Stop Граффити» акциясына қатысып жатырмын. Акцияның басты мақсаты – есірткі саудагерлері қалдырған іздерді жою. Мен есірткіге қарсы тұрамын және олардың таралуын тоқтатқым келеді. Мұндай іс-шараларға белсенді қатысып, қаламыздың таза болып қалуын қалаймын, – дейді ерікті Есенкелді Шайзанда.
Акцияның негізгі мақсаты – қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру және жастарды есірткіден аулақ болуға шақыру. Қалалық полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра беретінін хабарлады.
– Бұл ауқымды іс-шара биыл бірнеше рет ұйымдастырылды. Қаламыздағы колледж студенттерінің қатысуымен біз ай сайын осындай профилактикалық акциялар өткіземіз, –деді Қалалық құқық қорғау полициясы бөлімінің бастығы Ақжол Жартыбаев.
Заңсыз есірткі жарнамасы үшін кінәлі тұлғалар ҚР ҚК-нің 299-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылып, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына кесілуі мүмкін.
Жұпар АМАНБАЙҚЫЗЫ,
«QH»

