Құқықтық сауаттылық – әділ қоғамның кепілі
Қарағанды қаласында тұрғындарға заңдық кеңес беру мен құқықтық көмек көрсету бір қадамға жақындай түсті. «Таир» сауда-ойын-сауық орталығында қоғамдық қабылдау бөлмесі ашылып, халыққа прокуратура мен өзге де мемлекеттік органдардың өкілдеріне тікелей жүгініп, өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бойынша кеңес алуға мүмкіндік берілді. Бұл бастама – құқықтық қолжетімділікті арттыру мен азаматтардың заң алдындағы сенімін нығайту жолындағы маңызды қадам.
Қарағандыда тұрғындар үшін құқықтық кеңес алуға жағдай жасалды. «Заң және тәртіп» идеологиялық шарасы аясында облыстық прокуратура мен басқа да мемлекеттік органдар көшпелі қабылдау ұйымдастырып, азаматтарға тікелей және тегін заңгерлік көмек көрсетті. Тұрғындар еш кедергісіз өз құқықтық сұрақтарын қойып, қажетті кеңес ала алды.
– Мемлекет басшысы «заң және тәртіп» аптасын жариялады. Осы бастаманың аясында, Қарағанды облысының прокуратурасы кең ауқымды құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Шараның мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру. Құқық бұзушылықтардың алдын-алу, – деді Қарағанды облысы прокурорының орынбасары Ерлан Төре.
– Мен жүргізуші куәлігі жайлы нақтырақ білгім келді. Себебі менде көлемі елу текше сантиметр болатын мопед бар. Алғашында интернеттен қарап, В санатындағы куәлікпен қандай көлік құралдарын басқаруға болатынын оқыдым. Бірнеше жерде мопедке мұндай куәлік жарамайтыны, тіпті кей жағдайда жүргізуге мүлде болмайтыны жазылыпты. Осыдан кейін мәселенің анық-қанығын білу үшін жол патруль қызметіне бардым. Олар маған түсіндіргені – егер мопедтің қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрге дейін болса, онда оны жүргізу үшін арнайы категория талап етілмейді, яғни рұқсат етіледі. Бірақ егер қозғалтқыш көлемі 51 текше сантиметрден асса, онда міндетті түрде А санатындағы жүргізуші куәлігі болуы керек екен. Сондықтан мұндай жағдайда қандай көлікке қандай куәлік қажет екенін нақтылап алған дұрыс деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Назар Голуб.
1 шілдеден бастап балабақшаларда жазғы толықтыру кезеңі басталды. Бұл уақытта мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына қосымша балалар қабылданып, ата-аналар үшін балабақшаға орын алу мүмкіндігі артады. Жаз мезгілінде балғындарды қамту мақсатында топтар толықтырылып, бос орындар қайта қарастырылады.
– Қарағанды қаласының білім бөлімі, Қарағанды қаласының ата-аналарына ұсыныс білдіреді. Бірінші шілде айынан бастап, жазғы жинақтау кезеңі басталады, мектепке дейінгі балабақшаларда. Сонымен қатар өздерінің жеке кабинеттерінде өтініштерін қалпына келтіру жәнеде ed24.kz қосымшасын ұялы телефондарына енгізу туралы хабар береміз. Сондықтан жеке кабинеттеріңізді іске асырып, берілген ваучерлерді қолдануға ұсыныс беріледі, – дейді Қарағанды қалалық білім бөлімінің маманы Әлия Биева.
Заң көмегін қолжетімді ету және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру – акцияның басты мақсаты. Шара аясында азаматтарға тегін кеңес беріліп, құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»