Қарағандыдағы қазақ, ағылшын және түрік тілдерін тегін оқуға болады

Қарағанды қаласындағы «Шырақ» тіл орталығы үш жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл орталықта қазақ, ағылшын және түрік тілдерін тегін меңгеруге мүмкіндік бар. Бүгінде мұнда білім алып жүрген ең үлкен тыңдаушы – 84 жастағы қария, ол қазақ тілінің байлығын тереңнен түсініп, үйреніп жүр.

Орталық директоры Әсия Смықованың айтуынша, ұйымның басты мақсаты – 18 жастан асқан қала тұрғындарына кәсіби және тұлғалық дамуға қажетті тілдерді ақысыз үйренуге жағдай жасау. Орталықтың негізгі бағыттары – қазақ, ағылшын және түрік тілдерінен тегін курстар ұйымдастыру, мемлекеттік тіл саясатын қолдайтын мәдени шаралар өткізу, сондай-ақ сыртқы жарнама мен ақпарат құралдарындағы тіл сапасына мониторинг жүргізу.

 

«Шырақ» орталығы қала тұрғындары үшін пайдалы әрі тартымды орынға айналған. Мысалы, бастауыш сынып мұғалімі Екатерина Бандалетова декреттік демалыс кезінде қазақ тілін меңгеруді қолға алған.

– Курстар жайлы таныстарымнан естіп білдім. Қазақ тілінің грамматикасы маған өте қызық: құрылымы логикалық әрі түсінікті. Бір жылдан бері оқып жүрмін, енді көбірек тәжірибе жинағым келеді. Бұл орталық маған жаңа білім алуға тамаша мүмкіндік беріп отыр, – дейді Екатерина.

Сенбі сайын Достық үйінде қазақ және ағылшын тілдері бойынша сөйлесу клубтары өткізіледі. Оған қатысушылар тілдік дағдыларын тәжірибе арқылы дамытады.

Қарағандылық 21 жастағы Ескендір Мұратов сегіз тілде еркін сөйлейді және білімін одан әрі жетілдіруге ниетті.

– Тіл үйренуді 14 жасымда бастадым. Испаниядағы «Сантьяго Бернабеу» стадионын көруді армандап, жарты жылда испан тілін меңгердім. Қазір араб, француз, қытай және португал тілдерін оқып жүрмін. «Шырақ» орталығына ағылшын тілімді шыңдау үшін келемін, – дейді Ескендір.

Орталыққа отбасымен келіп, бірге білім алып жүргендер де бар. Ерлі-зайыпты Ирина Власенко мен Жанат Иманбеков қазақ және ағылшын тілдерін қатар үйреніп жүр.

– Үйде бірге дайындаламыз, демалыс күндері сөйлесу клубтарына барамыз. Бұл – бір жағынан пайдалы, екінші жағынан қарым-қатынасымызды күшейтетін керемет тәжірибе, – дейді олар.

Егер сіз де тіл үйренгіңіз келсе, «Шырақ» орталығы сізді күтеді. Мекенжайы: Қарағанды қаласы, Ғабиден Мұстафин көшесі, 6/4.

Call-орталық: (8-7212) 502-515, 8-702-231-16-85.

Электрондық пошта: shyrakcenter@mail.ru

Instagram: @shyraq_qaragandy

Барлық курс – тегін.

Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»