ҮШ ЖҮЗ АНА БАЛАСЫНАН ЖЕРІГЕН
Жөргегінен жерінген жас аналар санының көбеюі — қоғамның бітеу жарасы. Сол дерт асқынып кетпеу үшін «Ана үйі» қоғамдық қоры 2016 жылы бала асырап алу бағытындағы ауқымды жұмыс бастады. Жеті жыл ішінде «Ана үйін» паналаған аналардың 68 пайызы баласынан бас тарту райынан айныды. Ал 2019 жылдан бастап жағдайы мүшкіл отбасыларға қолдау көрсетуді қолға алды.
Шайқалғалы тұрған мұндай шаңырақтарды қолдап жібермесе, ертеңгі күні бірнеше бала шырылдап, жетімдер қатарына қосылмасына кім кепіл?! Қазақ деген қасиетті ұлтта «Ана үйі» болуы қандай қасірет. Қартын қаңғытпаған, жетімін жылатпаған ұлы ұлттың бүгінгі ұрпағы үшін Қарттар үйі, Жетімдер үйі аздай, сегіз жылдан бері «Ана үйі» деген ұғым қосылды.
2013 жылы іскерлігін бастаған бұл қоғамдық қор бүгінде бірнеше дағдарыс орталықтары желісін қалыптастырған. «Ана үйінің» мақсаты айқын – жетімдер санын азайту, ана мен баланы табыстыру. Бұл жоба аясында тастанды балаға, қауқарсыз анаға әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсетіледі.
Ал алты ай көлемінде жәрдем көрсетер «Ана үйі» барар жері, басар тауы қалмаған қажыған аналарға арналған. Өмірден баз кешкен аналар осындай қиын сәтте көбіне баласынан бас тартып жатады. Осы кез- де қолтығынан демейтін де осы қоғамдық қор. Қалталы меценаттардың қолдауымен қызмет қылушы «Ана үйі» қоғамдық қоры тағдырдан теперіш көрген жас анаға моральдық, материалдық, психологиялық, әлеуметтік бағытта барынша демеу береді. Баланың жөргегінен бастап, ананың барлық қажеттілігі қамтылады. Алты ай бойы ана мен баланы бір сәтке ажыратпайды. Малға төлін телігендей, баласын бауырына басқызады. Ондағысы жөргек иісі жадын жаулап, ана жүрегін жібітсін дегені.
Қоғамдық қор жастық желікпен алданып қалған қызға, туа сала шаранасынан бас тартар анаға ой салсын деген оймен «Анашым, мені қалдырма…» фильмін түсірді. Шынайы оқиғалар желісімен түсірілген 16-сериялы туындыда тасбауыр тағдыр суреттелген. Тағдыр тасбауыр, әке жауапсыз болмаса, Қазақстанның 18 қаласында 21 «Ана үйі» ашылар ма еді? Сол 21 үйдің бірі біздің Қарағанды қаласында. Күнгейде орналасқан бұл «Ана үйінде» тағдырластар күн кешеді. Мұндағы аналардың құжаттық, қоғамдағы статус мәселесінде бірқатар қиындықтар кездесіп жатады дейді қоғамдық қордың қарағандылық үйлестірушісі Надежда Жалбаева.
— Біз бірінші кезекте баланың әкесін анықтауға тырысамыз. Бірақ сот сол әкелікті анықтап, алимент кесіп берген күннің өзінде, әкелерден жауапкершілікті сезіну байқала бермейді. Сондықтан көп жағдайда бізге келген аналар «Жалғыз басты ана» мәртебесінде қалуды қалайды. Ал аналардың жеке бас құжатын реттеуге келгенде жоғалған құжат болса, оны қайта қалпына келтіру жеңілірек. Кей жағдайда бізге мүлде құжаты болып көрмеген, тек туу туралы куәлігі ғана бар аналар да келеді. Мұндай кезде құжат рәсімдеу қиынға соғады. Кейде бір ананы құжаттандыру үшін жарты жылдан артық уақыт жұмсаймыз. Көші-қон қызметіне жүгінеміз, жергілікті полицияға шығамыз, түрлі анықтамалар жинаймыз. Бір әйелді баласымен қоса ер азаматы, жұбайы келіп біздің орталықтан алып кетіп жатса, жоғарыда аталған қиындықтың бәрін ұмытқандай, ерекше бір қуанышты әсер, серпін аласың. Бұл орайда баланың әкесін көруден, іздеуден бас тартқан талай нәзік жан психологпен болған сұқбаттан кейін ойын өзгертіп жатады. Күйзеліске түсіп, жабырқаған аналардың жан жүрегіне жол табар қоғамдық қордың отбасылық психологы Бибігүл Есенбековамен де сұқбат құруды жөн көрдік.
— «Ана үйі» қоғамдық қоры қандай мақсатта ашылды? Жеті жылдық жұмыс нәтижесі қандай?
— Біздің мақсат – жетімдер үйін азайту, ана мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты орнату. Жеті жылдың ішінде жалпы ел бойынша 4 мың ана мен баланы табыстырсақ, Қарағанды облысында 300 ана баласын тастау ойынан айныды. Ал сол 300 бала тастанды болса, Қарағандыда тағы екі балалар үйінің ашылмасына кім кепіл?!
— Көбіне кімдер, қандай топтағы аналар сіздерден қолдау табады?
— Жалпы, біз 18-30 жас аралығындағы аналарға қолдау көрсетеміз. Көбіне мектеп қабырғасынан енді шығып, қалаға оқуға келген жас қыздар алданып қалады. Жүктілігін білгенде баладан құтылудың бір ғана жолы — одан бас тарту деп ойлайды. Сондай-ақ жетімдер үйінде тәрбиеленген бойжеткендер өз аналарының тағдырын қайталап, баласынан бас тартып жатады. Олармен психологиялық талдау жасағанда пайымдары мынадай болып шығады: «Мені де тастап кетті ғой, өлген жоқпын. Ендеше менің де балам өле қоймас». Мұндай жағдайда біз жас ананың бұл өмірлік көзқарасын түбегейлі өзгерту үшін еңбектенеміз. Нәтиже шығарамыз. Әрбір бала тек анасымен бақытты екенін түсіндіреміз.
— Алты айлық «Ана үйін» паналайтын шарасыз аналар санының артуына не себеп?
— Бұл жерде мәселені бір жақты қарау қате. Махаббатқа мас, бал сезімнің соңы сергелдеңге түсірсе, қыз жүкті болып, бала тастанды атанса, оған әкенің де кінәсі бар. Ал ол жауапсыз әкелер кімдер дейсіз ғой, олар –азаматтық абырой, ұрпақ алдындағы ұлы парыз, тектілік деген сөздің төркінін түсінбейтін бүгінгінің босбелбеу жастары. Осы тұста баса айта кеткім келетіні, ұлттық құндылықтар құлдырағанда осындай қиындықтар туындайтыны. Әйтпесе талай зұлмат жылдарды бастан өткерген ата-бабамыз баласынан жерінген бе?! Жоқ, себебі олардың ұлттық ұстанымы, тәрбиелік түйсігі тереңде болды.
— Ана мен баланы табыстыруда сіздер кездесер басты қиындық қандай?
— Оң жақта отырып жүкті болып қалу, некесіз бала туу біздің менталитетке өте жат ұғым. Сондықтанда болар жас ананың, бойжеткеннің басына түскен тағдыр тауқіметін туғандарына, әулетіне түсіндіру, олардың санасын соған көндіктіру сондай қиын. Оның ішінде алданған қыздың әкесін, ағаларын сабырға шақыру көп уақыт алады. Дегенмен туысқандық түсіністік орнағанша біз тынбай еңбектенеміз, ол екі жақты жұмыста бастысы – тағдыры сыналып жатқан, ананың сағының сынбауы ескеріледі. Қалай болғанда да анасыз бала, панасыз ана болмауы тиіс.
— Сұқбатыңызға рақмет, сауапты ісіңіз жемісті болсын. Ана жабықпасын, бала жыламасын!
Әсел ҚҰСАЙЫНҚЫЗЫ,
«QN»