Әлеуметтік кәсіпкерлік: Мемлекеттік қолдау нәтижесіндегі жаңа мүмкіндіктер
Қарағандылық Аделина Битюкова мүмкіндігі шектеулі бола тұра, мемлекеттік гранттың көмегімен шығармашылық кеңістік – «Среда» арт-студиясын ашты. Бұл жерде келушілер сурет салу, тафтинг (кілем кестелеу), киімдерді кастомизациялау сияқты өнер түрлерімен айналыса алады. Бүгінде студияда бес адам жұмыс істейді, ал көпбалалы және әлеуметтік осал топтағы балалар тегін білім алуда.
– Біз әрдайым даму үстіндеміз, жаңа бағыттарды енгізіп, шығармашылықты кеңінен насихаттаудамыз. Грант арқылы тафтингке қажетті жабдықтар сатып алынды. Бұл өнер Еуропада үлкен сұранысқа ие, – дейді Аделина.
Өткен жылы өңірде 178 адам өз ісін бастау үшін мемлекеттік грантқа ие болды. Гранттар негізінен білім беру және оңалту орталықтарын, тамақ өндірісін, шаруа қожалықтарын дамытуға бағытталған.
Мысалы, ерекше қажеттіліктері бар баланың анасы Шынар Тен NeuroTen нейрокоррекциялық орталығын ашып, балалардың дамуына арналған заманауи әдістерді енгізді. Мемлекеттік қолдаудың арқасында сенсорлық-динамикалық кубқа арналған жабдықтар мен бейімделген дене шынықтыруға арналған құрал-жабдықтар сатып алынды.
– Ерекше балаларға қолайлы жағдай жасау – басты міндетіміз. Кәдімгі балалар ойын алаңында табиғи түрде дамыса, ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы орталықтар қажет, – дейді Шынар.
Гранттық бағдарламаларға көп балалы отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, асыраушысынан айырылғандар, қандастар, қоныс аударушылар қатыса алады. Ол үшін жұмыссыз ретінде тіркелу немесе жеке кәсіпкер мәртебесі (үш жылдан аспауы тиіс) болуы шарт. Сондай-ақ, «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік курсын аяқтау міндеттеледі.
2025 жылы берілетін грант көлемі 400 АЕК-ке дейін (1 572 800 теңге) жетеді. Қаржы қажетті жабдықтарды сатып алуға, үй-жайды жалға алуға және бизнесті бастауға бағытталады.
– Грант иегерлері бұрын жұмыссыз болса, қазір олар табысты кәсіп жүргізіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын да ашуда, – дейді Қарағанды облысы Еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Нұржан Сыздықов.
Биыл тағы 183 жаңа кәсіпкерге қолдау көрсету жоспарланып отыр.
Қанағат ЖИЕНҚҰЛОВА,
«QH»